Петропавлда сепаратистік пиғылдағы төрт азамат сотталды
Петропавлда Қазақстан тәуелсіздігін мойындамайтынын ашық айтып, өзара «Халық кеңесі» ұйымын құрған сепаратистік пиғылдағы төрт азаматқа сот үкім кесті. Ел ішіне іріткі салушылардың жетекшісі 9 жылға, ал белсенді үш мүшесі 7 жылдан жаза арқалады. Бұл ұйымның қалған мүшелері сотқа куәгер ретінде қатысқан.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
28.11.2023
Алмас Жұмағазин, Петропавл сотының судьясы:
— Біздің қолымызда мамандардардың зерттеуі, куәландыратын барлық құжаттар бар. Фактілер дәлелденді. Сарапшылардың, саясаттанушылардың кешенді сараптамасы, бұлтартпас дәлелдерін ескере отырып, сот үкім кесті.
Алауыздықты ұйымдастырушы деп танылған 48 жастағы слесарь тоғыз жылға сотталды. Ал 37, 40 және 52 жастағы үш әйелдің әрқайсысы жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Олар қауіпсіздікті ыдыратуға үгіттеу , елдің біртұтастығы мен тұтастығын ыдыратуға насихаттау баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Жұртшылықтың наразылығын туғызған бұл оқиға наурыз айында болған. Петропавлдың 19 тұрғыны өздерін Кеңес Одағының мұрагерлеріміз деп жариялап, «Халық кеңесі» ұйымын құрып, Қазақстан тәуелсіздігін мойындамайтынын ашық айтып, жаһанамға жар салған. Бұл әрекетін бейнетаспаға түсіріп, ғаламторға жариялаған. Көп кешікпей сепаратистік пиғылдағы олардың әрекеті тергеліп қамауға алынған болатын. Енді осы заңсыз әрекеттері үшін төрт адам жазаланды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!