Бюджетке салмақты азайту үшін Астана әуежайы арабтарға берілетін болды
Астанадағы халықарлық әуежай арабтарға берілетін болды. Бюджетке түсетін салмақты азайту үшін осындай шешім қабылдадық дейді көлік министрі.
Автор: Айғаным Достанбай
28.11.2023
Біріккен араб әмірліктерінен келетін инвестор елордадағы әуежайға қаражатты аямай құйып гүлдендіреміз деп уәде етіпті. Марат Қарабаев бұған күмәнданбайды. Ол шетелдік инвестордың қолына өткен Алматының әуежайын мысалға келтірді. 2024 жылдың маусым айында ол жер адам танымастай өзгереді, терминалдар мен жаңа кешен салынады деп сендірді шенеунік. Астанадағы әуежайды иеленейін деп отырған ірі араб компаниясы да өте тәжірибелі әрі есімі әлемге танымал Abu Dhabi International Airport компанияларының құрамына кіреді екен. «Жаңа басқарушы компаниялардың келуімен қызмет сапасы жаңа деңгейге көтеріліп, менеджменттің мүлде жаңа үлгісін біздің елге алып келеді. Әрі біз олардың алдына нақты міндеттерді қоямыз» дейді ведомство басшысы. Мәселен, біздің билік шетелдік инвесторға ұшу-қону жолағын толық жаңартуды міндеттейін деп отыр.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
— Бұл жерде үлкен Карго хаб құрылады. Онда үлкен жүктің бәрі бір орныда шоғырланып, әуежай маңында жаңа жұмыс орны көбейеді. Араб инвесторларымен талқылап жатқан шаруамыздың бірі осы. Олар «әуежай маңында мүлде жаңа менеджмент қалыптастырайық» деп отыр. Оған үлкен қоймалар, жаңа қонақ үй кешендері, әуежай қызметкерлеріне арналған жеке аумақ енеді. Жаңа инвестордың келуімен шағын қозғалыс орталығы іске қосылады. Әуежайды жаңа деңгейге шығарамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!