{metadescription}
Оралда спорт сарайы тапшы. Хоккей мен мәнерлеп сырғанаушы балалар жаттығусыз қалған
Оралда спорт сарайы тапшы. Хоккей мен мәнерлеп сырғанаушы балалар жаттығусыз қалған

Оралда спорт сарайы тапшы. Хоккей мен мәнерлеп сырғанаушы балалар жаттығусыз қалған

Оралда кішкентай хоккейшілер мен мәнерлеп сырғанаумен айналысатын балалардың ата-аналары мұз айдынын босатуды талап етті. Өйткені спорт сарайында түрлі жарыс өткізіліп, жас спортшылардың жаттығуы жайына қалыпты.

Мәселен осы аптада бокстан байрақты бәсеке өтеді. Оны ұйымдастыратын шенеуніктер балалар спортына кедергі келтіріп жатқанын түсінбейді дейді жиналғандар.

Мұз айдыны төңірегіндегі айқай-шу бірінші рет емес. Өйткені спортшыларға спорт сарайы тар. Мұнда хоккей, шорт-трек пен мұзда мәнерлеп сырғанаушыларға күн сайынғы жаттығу ала таңнан қара кешке дейін өтеді. Енді түрлі концерттер, шоу бағдарламалар, тіпті бокс чемпионатын да осы кешенде ұйымдыстырғаны ата-аналардың ашуын туғызды.

Марина Пальгова, Орал тұрғыны:

Бұлай істеуге болмайды! Неше жылдан бері біздің облыс қандай да бір жетістікке жету үшін тырысып жүрміз. Марапат, орын алу үшін. Міне, бір апта жаттығу болмайды, 10 күнге созылуы да мүмкін.Спортшы балаларға бұл үзіліс қалай әсер ететінін білсеңіздер. Осыдан кейін қалай жетістікке жетеміз?!

Балалар спортына онсыз да аз қаражат бөлінеді екен. Ата-аналар жарыстарға қажет киім-кешек пен мен құрал-жабдықты өздері сатып алады екен. Бірақ олар оған да қарсы емес. Тек балаларды мұзға шығармай қойғанымен келіспейді. Ал жаттықтырушылар балалар кем дегенде аптасына екі рет жаттығуы тиіс деп отыр.

Степан Лузенинов, шайбалы хоккейден жаттықтырушы:

Біз енді бар мүмкіндігімізді дәлелдей алмаймыз. Қазақстан чемпионатына барғанымызбен, балалардың 100 пайыз дайындығы болмайды. Өйткені жаттығуды тиісті деңгейде өткізуді емес, қалай, қай жерде жаттығамыз деп бас қатырамыз.

Балалардың қысқы спорттық ойындарға деген қызығушылығы артқан. Дәл қазір Орал қаласындағы мұз аренасында аяғына коньки байлаған мыңға жуық жеткіншек жаттығуға келіп жүр. Спорт саласының басшылары да шарасыз. Өйткені волейболдан республика чемпионаты да, каратэ мен бокстан жарыс та осы сарайда өткелі жатыр.

Дәурен Мұқанов, БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы

 Енді осы жолы осылай болып қалды. Барлық жарыстар кесте бойынша бір мезгілге келді. Сондықтан чемпионатты мұз спорт сарайында өткізуге мәжбүр болдық. Басқа барар жер жоқ.

Дүрліккен ата-аналарды тыныштандыру үшін шенділер келесі жылы спорттың бұл түріне бөлінетін қаражат мөлшерін көбейтеміз деп уәде берді. Бірақ мұз аренасы бар спорт сарайын басы бүтін балаларға беруге әзірге мүмкіндік жоқ. Ол жаңа спорт кешені бой көтерген соң ғана жүзеге асырылады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде