{metadescription}
Алматы әкімдігі: Өрт шыққан хостел заңсыз жұмыс істеген
Алматы әкімдігі: Өрт шыққан хостел заңсыз жұмыс істеген

Алматы әкімдігі: Өрт шыққан хостел заңсыз жұмыс істеген

Тоғыз қазақстандық, төрт шетел азаматы қаза тапты. Алматыдағы хостелде ажал құшқан адамдардың аты-жөні анықталды. Қайғылы жағдайға байланысты оқыс оқиғаның себебін анықтайтын үкіметтік комиссия құрылды. Бүгін таңда Алматыдағы хостелдің жертөлесінде өрт шығып, 13 адам өлді. Алматы қаласының әкімдігі бұл хостел заңсыз жұмыс істеді деген мәлімдеме жасады. Өрт дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен хостелдің қожайыны әлі қамауға алынбаған.

Әди Шәріпов көшесіндегі хостелде өрт шыққаны туралы хабар төтеншеліктерге таңғы бес жарымда түскен. Құтқарушылар жеті минутта жедел жеткенде бірінші қабат пен жертөледе жалындап жатқанын көреді. Оттың шарпыған аумағы шамамен 30 шаршы метр. Өрт бір сағатқа жетпей ауыздықталды. Өкінішке қарай, өрт сөндіру барысында 13 адамның мәйіті табылды.

Алғашқы минуттарда түсірген бұл кадрдан жүрегің қарс айырылады. Жанталаса сыртқа ес-түссіз жігіттерді бірінің артынан бірін алып шыққанмен, жаны сол жертөледе үзіліпті. Көбі иіс тиіп, не болғанын аңдамай бақилық болған.

Қаралы хабарды естісе де, қам көңіл ана телефонға соғылған қоңыраудан көмескі үмітін үзбей тұр. Әсем Сыдықованың 22 жастағы баласы осы хостелде досымен бір айдай тұрыпты. Төбесінен жай түсірген жайсыз жаңалықты әлі санасы қорыта алмай тұр.

Әсем Сыдықова:

Кеше сағат алтыдан кейін қоштасқанбыз. Болды, одан кейін көрген жоқпын. Қазір жұмысқа келсем, бастықтары жұмысына келмеді деп йтып отыр. Сол кезде колледжден хабар келді. Бәлкім қателескен шығар...

Бірінші қабатта жатқандар ғана сыртқа шығып үлгерген сыңайлы. Кейбірі абыр-сабырда терезені сындырып бас сауғалаған. Өрт шыққанда іште бас-аяғы 72 адам болған.

Нұрлан Атығаев, Алматы қаласы ТЖД бастығы:

Бірінші қабатта қатты түтін болды. Әкімшіліктің айтуы бойынша 59 адам өздері эвакуацияланды. Жертөледе матрас жанған. Өрт ошағы дейміз ғой, дәлізде матрас болған. Ал былай себебін әлі айта алмаймыз.

Хостел аумағы қоршалған. Полицейлер ешкімді аяқ аттап бастырмайды. Тек бұл шектеудің қала әкіміне қатысы жоқ. Іштен шыға сала көлігіне асыққан Ерболат Досаевтың сұхбат беру жоспарында болмағандай. Дегенмен аялдауына тура келді.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Оқиға орнына келдім. Таңғы алты жарымнан бері осы мәселемен айналысып жатырмыз. Астына түсіп, бөлмелердің қай жерде орналасқанын көрдім. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нормативтік акт бар. Ол бойынша жертөлені жатын жайға айналдыруға болмайды. Адамдарды неге орналастырды деген сұрақ туындайды. Жертөле асхана, қойма ретінде ғана пайдаланылуы тиіс. Енді мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдаймыз.

Іле-шала, Алматы әкімдігі бұл хостел заңсыз жұмыс істеді деген ақпарат таратты. Құжат жүзінде аумағы 457 шаршы метрлік нысанды дүкен ретінде пайдалануға ғана рұқсат бар екен. Санитарлық та, құрылыс та , қауіпсіздіктің де ережесін елемеген хостел бір жарым ай бұрын жұмысын бастапты. Мақұл, әкімдік білмепті делік. Ал сонда қаланың қақ ортасындағы үш қабатты бұл үйдің пәтер иелері кооперативі ай қарады ма деген сұрақ туындайды.

Пәтер иелері коопертивінің төрайымы мән-жайды айтудың орнына дүрсе қоя берді. «Хабарым жоқ» деп, кеткенше асықты. Өрт дерегі бойынша ҚР Қылымыстық кодекстің 292-бабы бойынша іс қозғалған. Полицияның мәліметінше, әзірге хостелдің қожайыны қамауға алынбаған, тергеуге де тартылмаған. Мекенжайын анықтап жатырмыз деп қысқа қайырды. Ал өрттің нақты неден болғанын, кім кінәлі екенін арнайы құрылған комиссия анықтайды.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Мемлекеттік комиссиясы тарапынан осы жұмыстың бәрі анықталып, қылмыстық іс ашылады. Бұның нәтижесі бойынша жауапты адамдар, жауапты тұлғалар сотқа тартылатын болады. Ол міндетті түрде.

Төтенше жағдай министрі әзірге нақты тізімді жарияламады. Ажал құшқан 13 адамның тоғызы қазақстандық, төртеуі Ресей мен Өзбекстан азаматтары екені белгілі. Ал қапелімде жақынынан айырылғандар қазір қаладағы мәйітхананы торуылдап жүр.

Бекжан Құлжанұлы:

Жас бала, жиырмаға келді. Енді ғана өмірін бастап жатқан адам, міне, өмірден ерте өтіп кетіп, бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Ауыр, қанша дегенмен, енді мұны сол компания ма, Үкімет тарапынан ба, көмек болса екен деп жатырмыз. Бұны қолға алатын шығар деп ойлаймыз, басшылықтарға үміт артамыз.

Алматы әкімдігі қаза тапқандардың отбасына 1 миллион теңге жәрдемақы бөлінетінін жеткізді. Ал шетел азаматтарының мәйітін туған жеріне жеткізуге көмектеседі. Айдын-күннің аманында 13 адам ажал құшқан хостелдегі өрт бүгін басылғанмен, оған қатысты тексерістің нөпірі енді басталады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

23 қараша

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде