Қуандық Бишімбаевқа тағылған айып ауырлай түсті
Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа тағылған айып ауырлай түсті. Бүгін бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев қылмыстық тергеу "аса қатігездікпен кісі өлтірді" деген тармақпен жүріп жатқанын мәлімдеді.
Автор: Айжан Шамшидин
30.11.2023
Айта кетейік, бұған дейін Қуандық Бишімбаев дәл осы «адам өлтіру» бабының басқа тармағымен тергеліп жатқан-ды. Заңды әйелі Салтанат Нүкенованы асқан қатігездікпен өлтіргені сотта дәлелденсе, Бишімбаев кемі 15-тен 20 жылға дейін түрмеге тоғытылады. Сондай-ақ "қылмысты жасыру" бабымен экс-министрдің бауырына да қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Бас прокуратура істің тыңғылықты тергеліп жатқанын айтады.
Жандос Өмірәлиев ҚР Бас прокурорының орынбасары:
— Мен оның ағасы немесе інісі деп нақты айта алмаймын. Бірақ Қуандық Бишімбаевтың туысы екені анық. Қылмыс болған күні оның жанында болған. Алайда аса ауыр қылмыс жасалғанын полицияға хабарламаған. Сондай-ақ ол қылмысты жасыруға көмектескен. Қылмыстық іс бойынша сараптама жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары қосымша ақпарат береді. Аса ауыр қылмыс үшін заңда бас бостандығын айыру көзделген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!