«Алыс жолға шықпаңдар». Бірқатар өңірде көлік көзғалысы тоқтап, жолдар жабылды
Еліміздің бірқатар өңірінде көлік көзғалысы тоқтап, жолдар жабылды. Солтүстік пен орталық өңірлерде боран мен тайғақтан жұрт діттеген жеріне жете алмай жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
05.12.2023
Қанат Қуанышбаев, Зеренді ауданы ТЖБ бас маманы:
— Ауа райының күрт нашарлауына, қатты бұрқасын, көктайғаққа байланысты алыс жолға шықпауларыңызды сұраймыз. Көкшетау –Атбасар тасжолында көліктің барлық түріне жүруге шектеу қойылды.
Ақмола облысында кеше кешкісін қар жауып, қатты жел тұрып, соңы алай-дүлей боранға ұласты. Жолдың көрінуі нашарлап, алты бірдей республикалық, үш облыстық маңызы бар жолдар жабылған. Астана -Петропавл, Көкшетау - Атбасар, Көкшетау - Омбы бағытында жүздеген көлік тұралап қалды. Оның үстіне қар астындағы көктайғақ та көліктердің жүруін қиындатты.
Ал Қарағанды облысында көктайғақтан қаладан шығатын жолдар күніге бірнеше рет жабылды. Жолға шығып кеткендері сағаттап кептелісте қалған. Кешке қарай тағы бірнеше жол тағы жабылады.
Петропавл тұрғындары да алыс жолға шыға алмай отыр. Мұндағы жолдарды да бірнеше рет жауып-ашқан еді. Қазір күн күрт суытып бұрқасындатып тұр. Ертең Петропавлда сынап бағанасы 30 градусқа дейін төмендейді. Жол күзеткен сақшылар жүргізушілерді ескертумен жүр.
Баян Байғаскина, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:
— Дизельді көлікпен жүретін және жолаушы тасымалдайтын жүргізушілерге алыс жолға шықпауларыңызды сұраймыз. Егер жолға шықсаңыз, техникалық жағдайды қарап, қысқы дизельді отынды пайдаланыңыз және өздеріңізбен бірге жылы киім болсын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!