Астана мен Қарағандыда тайғанақтан жарақат алғандар саны еселеп артып жатыр
Астана мен Қарағанды тұрғындары тайғақтың кесірін тартуда. Бір күн бұрын күн суытып қар түскен еді. Енді қар еріп, жер әлем мұзға айналған. Тұрғындар бір адым аттай алмай кібіртіктеп қалды. Тіпті тайғақтың кесірінен елордада мектеп оқушылары онлайн оқуға көшірілген. Соңғы екі күнде осы екі қалада мұзға тайып жығылып жарақат алғандар көбейді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
05.12.2023
— Қалада бүкіл жерде мұз. Өзіміз көріп тұрмыз. Тұз сеппеген. Қазір бәрі МИБ (меншік иелерінің бірлестігі – ред.) боп кетті. Ешкім үйге дұрыс қарамайды. Әке-шешелеріміз далада құлап, аяқ-қолын сындырып жатыр. Міне, ауруханаға келдік, сағат тоғыздан бері әлі отырмыз.
Астана әкімдігі түнделетіп жолдарға құм мен тұз сеуіп жүргенін желіге жариялаған. Бірақ қала тұрғындары оның пайдасын көре алмаған сияқты. Көктайғақтан қоғамдық көліктер де кешігіп, жұрт аялдамада сағаттап сарылып қалды. Кібіртіктеп қалған жұрттың көбі құлап тұрса, жарақат алғандары емханаларға толассыз келіп жатыр. Аяқ-қолын ауыртқан жүздеген адамның арасында жарақаты ауыр 15-і ауруханаға жатқызылыпты. Қарағандыда да тура осы жағдай. Кешелі бері жарақат алғандар еселеп артқан. Бүгін тіпті басып қалды дейді дәрігерлер. Бұлар, әсіресе, жаяу жүргіншілер жолында мертіккендер. Коммуналдық мекемелер биылғы қысқа 100 пайыз дайынбыз дегенді талай айтқан. Бірақ асықпай жеткен жыл мезгіліне дайындықтың нәтижесі көңіл көншітпейді.
Ерік Шонбаев, Х.Мақажанов атындағы аурухананың ахуал орталық жетекшісі:
— 3 желтоқсанда 76 адам жарақатпен келсе, 4 желтоқсанда келгендер саны 150-ден асып кетті. Әр адам ең алдымен өз қауіпсіздігін ойласа дейміз. Жүргенде абай болып, тайғанақтамайтын аяқ киім кигені дұрыс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!