Елімізге 52 мың тоннадай мандарин жеткізілді. Мандариннің зияны бар ма?
Жаңа жыл жақындаған сайын дүкендерде мандарин қымбаттап жатыр. Қазір Алматыда цитрус жемісінің бұл түрінің келісі 700 теңгеден басталып, 1300 теңгеге дейін барады. Бірақ сұраныс ұсынысты тудырады демекші, биыл елімізге 52 мың тоннаға жуық экзотикалық жеміс импортталған. Бұл былтырғыдан 16 мың тоннаға көп.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
05.12.2023
Қазақстандықтардың дастарханына қойылатын мерекелік дәм елімізге қайдан әкелініп жатыр? Мандариннің пайдасы мен зияны қандай?
Жаңа жылдың жақындап келе жатқанын көшелер мен дүкендерден-ақ байқауға болады. Жыл он екі ай дүкен сөресінен түспесе де, қыстың алғашқы айында цитрус өніміне сұраныс арта түседі. Әсіресе мандаринді көп тұтынады. Бағасына сай түр-түрі бар. Қалтадан ұра қоймайды дегеннің өзі 700 теңгенің төңірегінде. Мұндайды пәкістандық дейді. Ал, ең қымбаты марокколық. Тәттісі де, шыдамдысы да сол. Бірақ бағасы екі есе қымбат. Орталықтағы дүкендерде келісінің 2мың теңгеге дейін көтерілген кезі болыпты.
Мұқамәди Исмаилов, сатушы:
— Қазір қытайлық мандариндер сұраныста. Өте дәмді. Қабығы жұқа. Жеңіл аршылады. Пәкістандықтың сүйегі көп. Қышқыл. Ал мароккалықтың қабығы қалың. Бағасы да қымбаттау. Өзім негізі осы қытайлық мандаринді ұнатамын. Үйіме де апарамын.
Расымен де Қытай Қазақстанға цитрус және экзотикалық жемістер импорты бойынша көш бастап тұр. Мысалды мандаринмен келтірейік, биыл елімізге бұл өнімнің 30 миллион долларға 44 тоннасы импортталса, тең жартысы Қытайдан әкелінген. Қалғаны Пәкістан, Түркия, Марокко, Иран, Аргентина, Перудан жеткізіліпті. Былтырғы статистикамен салыстырғанда мандарин биыл әлдеқайда көбірек импортталған. Дегенмен дәрігерлер жеміс деген осы екен деп, мандаринді беталды тұтынудан аулақ болған абзал деп отыр.
Гүлвира Ибраева, диетолог-нутрициолог:
— Оны 200 грамнан артық қолданбаған дұрыс. Әйтпесе артынан түрлі салдары болуы мүмкін. Мысалы асқазан-ішек жолдары ауырып немесе аллергиялық түрлі жағдайларға тап болуыңыз мүмкін.
Кейбір мамандар цитрус өнімін шамадан тыс тұтыну артық салмаққа да әкелуі мүмкін деп отыр. Яғни құрамында көмірсу көп болғандқтан бауырды майландырады. Сондықтан семіздік пен қант диабетімен ауыратындар күніне тек бір ғана данасын жегені дұрыс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!