«Қайыршының миллиардер досы» кітабы түрік тіліне аударылды
«Қайыршының миллиардер досы» түрік тіліне аударылды. Түркияның Стамбул қаласында дәстүрлі Үмрание кітап көрмесі өтті. Елуге жуық баспаның өнімі қойылған рухани жәрмеңкеде жазушы , сатирик Қанағат Әбілқайырдың повесі ұсынылды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
06.12.2023
Автордың «Қайыршының миллиардер досы» атты хикаяты Түркияда үлкен сұранысқа ие болып, жазушыға арнайы шақырту жіберілген. Жүзге жуық қазақтың жазушысын түрік тіліне аударған Ашур Өздемір кітаптың жеңіл аударылғанын, өзектілігін, бастысы оқырманын тауып үлгергенін айтып отыр. Ащы сарказммен, уыттты тілмен өрнектелген повеске сұраныс үлкен.
Бұған дейін шығармалары алты тілге аударылған Қанағат Әбілқайырдың «Қайыршының миллиардер досы» атты хикаяты таяуда ағылшын тілінде жарық көрмек. Мың данамен шыққан кітаптың тұсауы осыдан үш жыл бұрын кесілген. Түрлі жанр тоғысқан туындыны парақтай отырып, қазіргі күннің келбетін көре аласыз. Хикаятта қағанағы қарқ қалталы байлардың, әсіре астамшылығы мен қарапайым халықтың дәрменсіздігі сөз болады. Әлеуметтік мәселені көтере отырып, оқырманның ойын жан-жаққа жетелейді.
Қанағат Әбілқайыр, жазушы:
— Арнайы шақырған себебі, былтыр Ашур Өздемір деген ағамыз менің «Миллиардердің қайыршы досы» деген кітабымды түрік тіліне аударған. Басылып шыққаннан кейін сұраныс жақсы болыпты. Кітап жақсы өтіпті. Насихаты жақсы болыпты. Оларда біздегі сияқты жай ғана кітап дүкендері ғана емес, оларда кітаптарды сайттарда, біздегі интернетте сатқан сияқты сатады екен. Сол арқылы кітап жақсы өтіп жатыр, сізді кітап көрмесіне шақырамыз деп хабарласты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!