Аяз: Бірқатар өңірде оқушылар қашықтан оқып жатыр
Еліміздің бірқатар өңірінде аяз бен боранға байланысты сабақ тоқтатылды. Шығыс пен солтүстік аймақтарда күн күрт суытып, сынап бағанасы отыз градусқа дейін төмендеген. Сондықтан Абай, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының оқушылары сабақтарын үйде оқып жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.12.2023
Макия Әмірханова, Абай облысы білім басқармасының бөлім басшысы:
— Ауа райының қолайсыздығына байланысты Көкпекті ауданы және Жезкент кентінде 1 -11 сыныпқа дейін сабақтар қашықтан оқытуға көшірілді. Жезкент мектебінде интернет жылдамдығы 9,7 Мбит/с, Көкпекті ауданы мектептерінде 100 Мбит/с. Сабақ «Білімлэнд», «Зум» платформасы арқылы жүргізілуде.
Қостанай мен Рудный қалаларының бастауыш сыныбының оқушылары да сабаққа бармады. Ұзынкөл, Сарыкөл, Меңдіқара аудандарының балалары түгелдей қашықтан оқып жатыр. «Күн қақап тұрғанда мектеп оқушылары үсіп қалар деп қорықтық» - дейді білім басқармасындағылар. Сондықтан қауіпсіздік үшін қашықтан оқытуды жөн санапты.
Ақтөбеде сабақ тоқтамағанымен, көшеде тайғақтан әрең жүресің. Жұмысшылар тротуарларға құм сеуіп әлек. Бірер күн бұрын жаңбыр жауып, батпаққа иленіп жатқан жерді қазір көк мұз басқан. Әкімдіктегілер ең алдымен адамдар көп жүретін жерге құм себеміз деп отыр.
Алмас Сейілбаев, «Алматы» ауданы әкімдігінің бас маманы:
— Күніне екі мәрте себіледі. Таңғы мезгілде және де кешке ауа температурасы қатайған кезде. Сол кезде тағы бір рет сеуіп өтеді. Шағым көп түсуде. Соған қарай жұмылдырып жатырмыз. Адамдарды уақытында апарып, уақытында сеуіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!