Оқушыны итеріп жіберген талғарлық мұғалім жұмысынан қуылды
Оқушыны итеріп жіберген талғарлық мұғалім жұмысынан қуылды. Оған қоса қылмыстық іс те қозғалған. Алматы облысындағы жекеменшік мектепте болған жағдай әлеуеметтік желіде тарап, ондағы педагогтың әрекеті жұрттың ашуын туғызған. Тапсырманы дұрыс орындамаған бастауыш сынып оқушысына дүрсе қоя беріп, кеудесінен итеріп құлатады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
07.12.2023
Ашулы мұғалім итергенімен қоймай, жерге жығылған оқушыға «орныңнан тұр» деп жекиді. "Берген қағазымды ұстай алмаған өңшең әртіс" деп бір-ақ басылады. Шарасыз бала ләм деуге шамасы келмей, орнына барып отырады. Бұл жағдай қазан айында Талғардағы Cosmo жекеменшік мектебінде болған. 2-сынып оқушысының ата-анасы құзырлы органға арызданыпты. Оқу -ағарту министрлігі өзін дөрекі ұстаған мұғалімнің жұмыстан кеткенін жеткізді. Ал полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті.
Ернар Сайділдин, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
— Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел тергеу тобын жіберді. ҚР ҚК 140-бабының 2-бөлігі бойынша Талғар ауданы ПБ-да тіркелді. Алматы облысы ПД бастығының жеке нұсқауымен оқиғаның мән-жайын зерделеуде оның толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында барлық іс-шара жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!