Велосаяхатшы Талғат Жұмабековтің аралайтын әлі 101 елі бар
Қалауым – Қазақстанды әлемге таныту. Велосаяхатшы Талғат Жұмабековтің әлі аралайтын 101 елі бар. Бұған дейін 49 мемлекетті велосипедпен шарлап шыққан ол ешқашан жанынан туымызды да тастаған емес. Кезінде талай өнер жұлдыздарымен бірге жұмыс істеп продюсер қызметін атқарған оның бүгінгі арманы осы.
Автор: Салтанат Шырынхан
08.12.2023
Жер жаһанды кезіп, әлемдегі қызықты көру. Кең байтақ еліміз бен жеріміздің кереметін жеті құрлыққа жеткізу дейді жиһанкез. Жұмабековтің алдағы жоспары қандай?
Талғат Жұмабеков велосипедпен саяхаттауды сегіз жыл бұрын ғана бастаған. Осы уақыт ішінде 50-ге жуық елді аралап үлгерді. Алғашында сапарға жаяу шығуды жоспарлаған ол саяхаттың түр-түрін зерттей келе, осы көлік түрін таңдапты. Сөйтіп ең алғаш Меккеге аттанады. Түрлі тау-тас пен орман-тоғай, көл мен шөлді артқа қалдырған жиһанкездің арманы әлі де асқақ. Қалауы 150 елдің топырағын басып, ауасын жұту. Ол үшін түрлі қиындыққа да дайын екен.
Талғат Жұмабеков, велосаяхатшы:
— Осы Араб түбегіне барғанымдағы соңғы сапарым өте қиын болды. Әсіресе шыжыған күннің ыстығы миымды кептіріп жібере жаздады. Ішетін суымның өзі ысып, жетпей қалып жатты. Таңертеңнін өзінде ондағы ауа температурасы 47-50 градусты көрсетіп тұрды. Өзіме суық мезгіл қыс пен күзде, яғни жаңбыр мен қар жауғанда жүрген көбірек ұнайды. Ең аз дегенде күніне 40-50 шықырымды артта қалдыра аламын. Ең көбі бір күнде 250 шақырымға дейін жүріп өтемін.
Саяхатшы мақсатым – әлемді көзбен көру ғана емес, елімді де сол барған мемлекетке таныстырып, танымал ету дейді. Ол үшін туымыз да үнемі Талғат Жұмабековпен бірге. Мемлекеттік рәмізімізді жанында желбіретіп жүретін жиһанкез барған жерінде жергілікті тұрғындармен әңгіме-дүкен құрып, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен танысады. Біздегі ерекшелікпен бөлісіп, тіпті басқа ұлттарды Отанымызға қонаққа шақырады.
Талғат Жұмабеков, велосаяхатшы:
— Әлемнің көптеген мемлекетінде болдым. Әрқайсысы өзінше ерекше, жағымды,көрсең көзің тоймайтын жерлер. Бірақ бір байқағаным, әдемі әрі жайлы қаланың бірі осы Алматы. Салыстырып қарасам, бұл шаһарымызға жетері жоқ. Тауы да, тасы да, орман–тоғайы да бар. Табиғаты тамаша. Сол себепті барымызды бағалауымыз керек. Тек адамдары кішкене көңілсіздеу әрі қатыгездеу екені көңілді түсіреді. Әрине, ,ондай халық барлық елде де бар. Дегенмен сұлулықты Алла бізге де берген.
Саяхатшының бұл — сегіз жылдағы үшінші велосипеді. Алғашқысы жөндеуге келмей бұзылып қалған екен. Ал екіншісін ұрлатып алыпты. Дәл осы көлік түрімен әлемді шарлап жүрген оның бұл тек хоббиі ғана. Қандай да бір вело-жарыстарға қатысуды жоспарламайды. Ендігі арманы — Оңтүстік Америка мен Аустралияны аралау. Адам аяғы баспайтын Антарктидаға да велосипедпен жету жоспарында бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!