{metadescription}
«Арселорды» сатып алған Андрей Лаврентьев компанияның $700 млн берешегін де төлейді
«Арселорды» сатып алған Андрей Лаврентьев компанияның $700 млн берешегін де төлейді

«Арселорды» сатып алған Андрей Лаврентьев компанияның $700 млн берешегін де төлейді

Үкімет бүгін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына иелік ететін қазақстандық олигархтың есімін атады. Ол 44 жастағы Андрей Лаврентьев. 11 раундқа созылған келіссөздер түбейгейлі аяқталып, өнеркәсіп және құрылыс министрі ақпарат құралдарына арнайы брифинг ұйымдастырды.

Қанат Шарлапаев осыған дейін жаңа инвесторды өзім әкеліп таныстырамын дегенімен, Лаврентьев жиында төбе көрсеткен жоқ. Сонымен ең ірі өндіріс ошағын иеленуге қауқары жеткен Андрей Лаврентьев деген кім? Билік талап еткен 3 млрд долларды бірден салуға келісімін берген инвестор «Форбс» тізімінде неге жоқ?

«Арселор Миттал» компаниясы Қазақстаннан біржола кетті. Өнеркәсіп және құрылыс министрі мен компанияның жаңа қожайыны келіссөздерді толықтай аяқтап, Лондоннан күні кеше оралған. Министр отандық инвесторды көпшілікке таныстыру үшін Үкімет үйіне өзімен бірге ертіп акелуге уәде берген еді. Десе де Шарлапаев сөзінен тайқып, бүгін баспасөз брифінгіне жалғыз өзі ғана қатысты.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Келіссөздер 2022 жылы 3 қарашада басталған. 11 раундқа созылды. Жетеуі 2023 жылдың қыркүйегінен кейін болған. «АрселорМиттал Теміртау» активін 3,5 млрд долларға бағалаған болатын. Бұл халықаралық консультанттардың есебіне сәйкес келмеді. Процестің ұзаққа созылуының басты себептерінің бірі осы болды. Кәсіпорын жұмысы тоқтап қалмауы үшін келіссөздерді жедел әрі жылдам жүргізу қажеттілігі туындады.

Министрдің сөзінше, кен орындарына иелік етуге небір "ығай мен сығайдан" бастап, аты әлемге мәшһүр қытайлық компанияға дейін өтініш білдірген. Әлбетте жылына 200 млрд теңгеге жуық табыс әкеп отырған компания кімнің де болса қалтасын теспейтіні белгілі. Сөйтіп жаңа қожайынды «Форбстың» бас жағынан іздеп жүргенімізде, ал ол байлардың тізімінде мүлдем жоқ болып шықты. Үкіметтің қызғыштай қорып, ең соңына дейін құпияда ұстап келген есімі - отандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев. Қазақстандық инвестор «Арселорды» өз ақшасына сатып алғанымен қоймай, компанияның 700 млн доллар берешегін қоса төлеуге уағдаласқан.

Осылайша Лакшми Митталға 286 млн долларды шытырлатып санап берген Андрей Лаврентьев кім? Еліміздегі ең ірі өндіріс ошағын иеленген отандық бизнесмен Алматының тумасы, «Аллюр» компаниялар тобының құрылтайшысы, үйленген, көпбалалы әке. 44 жастағы кәсіпкер алты баланы тәрбиелеп отыр. Құқықтану мамандығын тамамдаған Лаврентьев мықты заңгер, экономист ретінде де көпшілікке белгілі.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Қазақстан Үкіметі мен «АрселорМиттал» арасындағы келісімді мега-мәміле деп атауға болады, оның елімізге маңызы ерекше. «АрселорМиттал Теміртау» және Ақтау құбыр зауытының құнын 3,5 млрд доллардан 286 млн долларға дейін төмендеттік. Мәмілені жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен бірде-бір теңге жұмсалған жоқ. Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясының қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттемелері бойынша жауапкершілікті мойнына алды. $286 млн толық жұмыс істеп тұрған екі кәсіпорынның құны.

Елдегі ең ірі кен орындарына бұдан былай иелік ететін су жаңа инвестор Миттал секілді қара басының ғана қамын күйттеп кетпей ме? Бұқараны алаңдатқан маңызды сауал осы. Белгілісі, Үкімет жаңа қожайынға жайылып жастық, иіліп төсек болуға дайын тұр. Бастысы, биліктің талап етіп отырған қаражатын құйып, жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етемін деген уәдесін алыпты. «Кірістің белгілі бір бөлігінен дәметіп отырған жоқпыз» - дейді министр.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Компания өкілдерін "Қазақстан халқына" қайырымдылық қорын қолдау үшін 16 млрд теңге көлемінде жарна аударуға көндірдік. Бұл қаражат Қарағанды облысы тұрғындарының білім және мәдениет, денсаулық сақтау және спорт саласындағы өзекті мәселелерін шешуге жұмсалады. Сондай-ақ маңызды жобаларды қолдауға бағытталады. Ал қалған 50 пайызы Теміртау қаласын дамыту мақсатында жұмсалмақ.

«Арселор Миттал Теміртаудың» иесі ауысқаннан кейін атауының да өзгеретіні туралы айтылған еді. Түстегі баспасөз брифингте Шарлапаевтың компанияға ежелгі атауы қайтарылуы ықтимал екенін айтқан. Ал кешқұрым Қарағанды облысының әкімі ұжымға Андрей Лаврентьевті таныстырып, компанияның атауын ресми түрде «Қармет» деп бекітті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде