Жамбыл облысында газ құбыры жарылып, бес ауыл жылусыз қалды
Жамбыл облысында бүтіндей бес ауыл жылусыз отыр. Түнде елдімекендерге апаратын магистралді газ құбыры жарылып, мыңға жуық үй көгілдір отыннан қағылған.
Автор: Сәбит Әлдебай
13.12.2023
Аязды күні жылусыз қалған елдімекендердің қатарында Қызылқайнар, Жасөркен, Жалпақтөбе, Қызылдихан, Гродеково ауылдары бар. Мұнда сегіз әлеуметтік нысан жұмыс істейді. Апаттан кейін олар жанармаймен жылытуға көшкен.
Түнгі сағат он шамасында диаметрі 325 миллиметр орташа қысымды құбыр сегіз жерден жарылған. Мамандардың мәліметінше, құбыр қатты қысымға шыдамапты. Қазір апаттың нақты себептерін анықтау үшін талдау жүргізіліп жатыр. Ал арнайы құрылған штаб орталық құбырды ретке келтіру үшін түні бойы жұмыс істеген.
Қанатбек Мәдібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
— Жарылған жерлерді жалғап бітті. Қазір соңғы жалғау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шамамен бір сағаттың ішінде бітуі керек. Біткеннен кейін қысым тексеріледі. Кейін халыққа хабар беріледі. Әзірге қалпына келтіру жұмыстарына қатысты ешқандай проблема жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!