Қарағандыда баспанаға қыруар қаражатын салған үлескерлер үйсіз қалған
Қарағандыда үй құрылысына миллиондаған қаражатын салып баспанаға жете алмай жүрген үлескерлер шу шығарды. Жиналғандар шенеуніктер мен құрылыс компаниясы арасындағы келіспеушіліктің зардабын тартып отырмыз дейді. Себебі баспана құрылысы сәулет басқармасының рұқсатынсыз тұрғызылған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
13.12.2023
Оның үстіне үлескерлерді тартуға да құқы болмапты. Сондықтан басқарма баспананы бұзуды талап етіп сотқа арызданған. Тұрғындар көп күткен пәтеріміз бен қаражаттан қағыламыз ба деп қапаланып отыр.
Құрылыс компаниясының кеңсесіне жиі жиналатын жұрттың талабы — адал ақының қаражаты құйылған баспанаға қалай да болса кіру. Үй құрылысы аяқталуға шақ қалғанда тоқтатылып, тұрғындарын сот сергелдеңі телміртіп қойған.
Алтынай Дөнебайқызы, үлескер:
— Салынып, 90 пайызға бітіп тұрған, өзімізге тиесілі үйді неге бермейді? Аз дегенде миллион теңге салған, көп дегенде 40 миллион теңгегеге дейін салған кісілер бар. Мен 25 млн салдым. Миымызға сыймайды! Енді не істейміз?! Халық не істейді , мүлдем ұқпаймын!
Жаңа баспаналы боламыз деп жиған-тергенін үлеске салғандардың көбі бір жарым жылдан бері әркімнің босағасын жағалап жүр. Айтуларынша, құрылыс компаниясы техникалық бақылаусыз салса да, құрылыс аяқталғанда сараптама өткізген.
Диана Оспанова, үлескер:
— Прокурор бізді сандалтып жатыр. Неше рет сот болды. Сараптама жүргізілді. Үйдің сапасы дұрыс деп айтылды. Техбақылау да бәрі дұрыс жасалған деп жатыр. Жұмыс барысынд ұсақ заң бұзушылықтар болған шығар. Оның барлығы дұрысталды деді. Енді дайын тұрған үйімізге кіре алмай, мына аязда неге сабылтып қойды?!
Сәулет құрылыс басқармасындағылардың айтуынша, компания ешкімнің рұқсатынсыз, авторлық және техникалық бақылаусыз баспана салған. Құрысылыс жүріп жатқанда жасалған ескертулерге құлақ аспайды. Сол кезде басқарма тарапы сотқа беріп, құрылысты тоқтату шешімі шыққан. Алайда олар тоқтатпақ түгілі, үлескерлерді тартып, қаражат игерген.
Думан Қасымжанов, Қарағанды облысы сәулет құрылыс бақылау басқармасының инспекторы:
— 2022 жылы сот шешімімен бұл құрылыс монтаж жұмыстары тоқталу керек болатын. Бірақ мердігер ұйымы оны тоқтатқан жоқ. Сот орындаушылары оны бақылады. Нысанға бірнеше рет барды. Бірақ ешқандай жұмысты тоқтата алмады. Авторлық және техникалық қадағалау да нақтыланбай жатыр. Рұқсат қағаздары жоқ.
Құрылыс компаниясының өкілдері түсінік беруден жалтарды. Дегенмен қақаған аязда дірдектеген бір топ үлескер үй салғанның сойылын амалсыз соғып жүр. Олар биліктен баспанаға кіруге мүмкіндік беруді сұрайды. Заң талаптарын белшесінен басқандар үшін керегі де сол сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!