Жамбыл облысының таулы аймақтарында жүздеген жүк көлігі қаңтарылып тұр
Еліміздің бірқатар өңірінде үскірік аязға байланысты күре жолдарда қозғалыс шектелді. Әсіресе дизельмен жүретін көліктер алыс жолға жіберілмейді. Үш күннен бері Жамбыл облысының таулы аймақтарында жүздеген жүк көлігі жол жиегінде қаңтарылып тұр. Діттеген жеріне жете алмай тұралап қалған жолаушыларға жергілікті жұрт ыстық тамақ үлестіріп көмек қолын созуда. Жол азабын тартқан жүргізушілермен КТК тілшісі сөйлесіп келді.
Автор: Сәбит Әлдебай
14.12.2023
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» күре жолының таулы аймақтарындағы түнгі қарбалас. Айша бибі ауылы маңында 200-ден астам ауыр жүк көлігі тас жолда тұралап тұр. Боран басылса , жол ашыла ма деп үміттенген жүргізушелір үш күннен бері көлігінде отыр. Бұрқасын кезінде қауіпті асудан өтуге тәжірибелі жүргізушелірдің де жүрегі дауаламайды.
Махмұтбек Әбдірайымов, жүргізуші:
— Үшінші тәулік тұрмыз, міне, мандарин жүктеп келгенбіз. Жол жабық. Не істерімізді білмейміз...
Қазір Қордай асуында да осындай жағдай. Жергілікті жұрт пен еңбек ұжымдарынан құралған еріктілер тобы жолда қалғандарға барынша көмек көрсетуде.
Қанат Нүрекеев, ерікті:
— Қазақ еліне көршілес болып келіп жатқан ауыр жүк көліктері суыққа тап болғаннан кейін тамақпен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатырмыз.
Қазір Жамбыл облысында жүзге жуық техника мен 150-ден аса полиция қызметкерлері қауіпсіздікті қадағалауда. Олар жолды бөгеп жолаушыларды кейін қайтуға үгіттеуде. Мамандар ескертуді елемей жолға шыққан 400-ден астам адам жылыту пункттеріне жеткізілді дейді.
Карина Карташова, Жамбыл облысы ТЖД ресми өкілі:
— Жолда өз еркімен қаламын деген азаматтар да бар. Оларға ыстық тамақ, су жеткізілген болатын. Жалпы саны 65 жылыту пункті жұмыс атқаруға дайын.
Қазір еліміздің 12 облысындағы жүзден астам маңызды жолдар жабылды. Суықта қалғандарға 500-ден астам жылыту пункттері жұмыс істеуде. Мамандардың мәліметінше, бір тәулікте бүкіл елде мыңнан астам көлік қар құрсауынан шығарылып, жолаушылары жылыту бекетіне жеткізілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!