Алматы екі жылдан кейін ғана толық жарықтандырылады
Ымырт түссе тас қараңғыға айналатын көшелері көп Алматы қаласы екі жылдан кейін ғана жүз пайыз жарықтандырылады. Осылай деген шенеуніктер ақауды реттеу үшін келесі жылдың өзіне бақандай 10 миллиардқа жуық теңгені жұмсауды жоспарлаған. Бірақ, ол қаражат әзірге бөлінбепті. Ал, қаланы түгел жарықпен жарылқау міндеті «Алматы Қала Жарық» мемлекеттік кәсіпорынға жүктелген. Толығырақ тілшіміз айтып берсін.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
15.12.2023
Қаладағы күрделі мәселелердің бірі осы жарық екені жасырын емес. «Көше шамдары жанбайды, жүретін жолдарымыз қараңғы» деген жұрттың шағымы әсіресе соңғы жылдары көбейген. Расында да, шаһардың шеті түгіл, элиталы деп танылған аудандардың өзінде жарығы жоқ көше жетерлік. Шенеуніктердің өздері болса Алматы 20 пайызға ғана жарықтандырылмаған деп отыр.
Нұрбақыт Серікбай, Алматы энергетика және сумен қамту басқарма басышысының орынбасары:
— Алматы қаласы 80 пайыздай жарықтандырылған. Келесі жылға толықтай 85 пайызға жетеміз. Осы жылдың басынан бастап жұмыстар қарқынды түрде басталады. Өйткені аудандарға бұл функция енді берілді. 100 пайыз 2025 жылда күтеміз.
Осыған дейін негізі қаланы жарықтандыруға ABM-Building 2007 серіктестігі жауап берген. Алайда, биыл мердігер жүктелген міндетті толық атқармады деп әкімдік олармен келісім шартты үзді. Қазір соттасып жатыр. Мердігер енді жоқ болса, қаланың шамдарын реттейтін кім? Әр аудан Алматы қала жарықпен келісім шарт түзіпті.
Игорь Мысик, «Алматы Қала Жарық» МКК басшысы:
— Бүгінгі таңда бізге бүкіл қаланы жарықтандыру міндеті қойылды. Ақауларды реттеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, бүгінде өтінімдерді пысықтау мерзімі 20 тәуліктен 5 тәулікке дейін – 4 есеге азайды. Кезінде бір ауданда бір ғана техника болатын, қазір енді 3-7 техника бар.
Осылайша, шенеуніктер 2 жылдың ішінде Алматыны түгел жарықпен жарылқаймыз деп отыр. Бірақ, бұл уәдеге не сенеріңді, не сенбесіңді білмейсің. Өйткені, Ерболат Досаевқа дейінгі әкімдер де шаһарды жүз пайыз жарықтандырамыз деп талай мәрте жар салған еді. Бірақ, іске келгенде тайқып кеткен. Сондықтан, осы жолы берілген уәде де сылдыр сөзге айналып кетсе таңғаларлық жәйт емес. Дегенмен, түптеп келгенде мәселенің шешіліп, шелімеуі уақыттың еншісінде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!