Келін-шай беремін деп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты
Келін-шай беремін деп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Алматы облысы Гүлдала ауылындағы газ жарылысынан жапа шеккен төрт адамның екеуінің халі ауыр. Олар күні кеше отау құрған жас жұбайлар екен. Дәрігерлер екеуінің де денесін 95 пайыз күйік шалған деп отыр.
Автор: Әсем Лесбек
19.12.2023
Оқыс оқиғадан зардап шеккен тағы екі азамат бүгін палатаға шығарылды. Төтенше оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Қайғылы жағдай жексенбі күні таңғы сағат бес шамасында болған. Ауылда алдымен жарық өшеді. Кейіннен газ бен ауа қоспаларының араласуынан жарылыс болады. Қатты дүмпуден пәтерлердің есік-терезесі жұлынып, қабырғасы шытынаған. Аумағы 160 шаршы метрді құрайтын пәтердің де тас-талқаны шығыпты. Жарылыстан үйдің 32 жастағы ұлы мен 20 жастағы жас келіні зардап шеккен.
Ербол Тілеубергенов:
— Келін тұрған кезде, жарық жаққанда жарылыс болады. Бөлмеде ұйықтап жатқан жолдасы 95 пайыз, қатты күйіп қалған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Екеуі де жатыр, есін жинаған жоқ. Үйленгендеріне бір ай да болмады. Бажамның ұлы ғой. Ол кісі өзі сұхбат бере алмай тұр, жылап ...
Апаттан қатты зардап шеккен баспананың бірі — Машрахуновтардың үйі. Отбасы оқиға кезінде шырт ұйқыда жатқан. Сөйтіп немересі мен атасы қатты шудан оянып ас үйге келеді. Жарықты жаға бергенде от лап етеді. Апаттан алты бөлмелі шаңырақтың төбесі опырылып ортасына түскен. Қабырғасы қираған. Қатты дүмпуді сезінген олар іле-шала бала-шағасымен далаға шыққан. Оқыс оқиғадан соң тұрғындар әлі есеңгіреген күйде.
Фарида Машрахунова:
— Қатты стресс алған. Кеше өзім көріп, шүкір. Үйде тағы да жаңа туған немерем болған, қырқынан жаңа шыққан. Анамыз 90 жаста. Барлығы есеңгіреп қалды. Мен әлі өзіме келе алмай жатырмын. Қан қысымым көтерілді.
Әлхамжан Машрахунов:
— Қазір бәріміз жан-жақта жүрміз, көрші-қолаңның үйінде. Жиенім мен әкем ауруханада ауыр халде жатыр. Газ мамандары үйге келіп жағдайымызды сұрап кетті. Пәтер тапсаңыздар, ақшасын төлеп береміз деді. Енді жалдамалы үй табу керек.
Үй иелері апат бола салысымен бірден жедел жәрдем шақыртқан. Бірақ ақ халаттылар оқиға орнына жедел жетпеді дейді. Әрі алғашқы медициналық көмекті көрсетуден де бас тартқан.
Рәзия Мамырбакиева:
- Жедел жәрдем бір сағаттан астам уақытта келген. Келген кезде тағы қасында ешқандай көмек көрсететін құрал-жабдықтары болмаған. Өздеріңіз апарсаңыздар сіздерге тезірек болады деп айтқан.
Жалпы қайғылы жағдай салдарынан төрт адам аурухананға түскен. Екеуі әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал қалған екеуі бүгін ғана палатаға ауыстырылыпты.
Орынбасар Еркеев, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы ШЖҚ МКК травматолог-дәрігері:
- Түскен кезде науқастардың екеуінің де жағдайы өте ауыр күйде болды. Қазір жансақтау бөлімшесінде. Барлық ем жасалынып жатыр. Қазір жағдайы екеуінің өте ауыр. 95 пайыз, 1-ші, 2-ші, 3-ші, 4-ші дәрежелі күйік дәрежелерімен. Болжам өте ауыр, жарақаттарына байланысты дөп басып айту қиын.
Ал апаттың кесірінен ауылдағы 20-ға жуық баспана бүлініпті. Жергілікті шенділер қазір оларды біртіндеп аралап көмек көрсетуге кіріскен.
Айбек Бидаев, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:
- Міндетті түрде шығынның бәрін газ компаниясы төлейді, ол әкімшіліктің жеке қадағалауында. Себебін қазір айта алмаймыз. Оны сараптама қорытындысы шыққаннан кейін ғана айта аламыз. Енді мына кісілерге қазір басқа да өз тарапынан жалдамалы үй іздеп жатыр. Жалдамалы үй табылған жағдайда бұл кісілер сол жерге көшіріледі.
Қазір қылмыстық іс қозғалып тергеу жүріп жатыр. Әкімдік, газ жүргізген компания бар шығынды төлеп береді деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!