Ұлттық киноға бөлінген 400 миллионнан астам теңге ұрланған
400 миллионнан астам теңгені жымқырған. Прокуратура Алматыда ұлттық киноны қолдауға бөлінген қыруар қаражаттың ұрланғанын хабарлады. Әзірге фильм түсіремін деп жарты миллиардқа жуық ақшаны жоқ қылған "Қазақфильмнің" қай басшысы екені туралы нақты ақпарат жоқ. Барлығы сотқа дейінгі тергеу кезінде анықталмақ.
Автор: Салтанат Шырынхан
19.12.2023
Нұрсұлтан Жеделбай, Алматы прокуратурасының ресми өкілі:
— Алматы қаласы прокуратурасы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Акционерлік қоғамын тексеру қорытындысы бойынша аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады. Алдын ала мәлімет бойынша фильм түсіруге бөлінген 400 млн теңгеден астам қаражаттың ұрланғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр.
«Қазақфильмнің» басшылығы осы жылдың тамыз айында ғана ауысқан. Ішке тексерістен кейін есебін таппаған қомақты соманың қайда кеткенін анықтау мақсатында прокуратураға өздері жүгініпті. Өйткені соңғы бес жылдағы іс қағаздарынан шикілік анықтағандарын айтады. Бірақ 400 миллионнан астам теңгені талан-таражға салып, бір не бірнеше фильмге жұмсады ма, тоқетерін нақты өздері де білмейді. Тек қаржы бюджеттен тарихи кино түсіру үшін бөлінгені көрсетіліпті. Прокуратура әзірге ешкімнің қамауға алынбағанын айтты.
Айдар Омаров, «Қазақфильм» АҚ вице-президенті:
— Біз өз тарапымыздан бір ғана дүниені айта аламыз. Бұл іс бізге дейінгі болған жағдай. Киностудияға жаңа басшылық келгенде өткен-кеткен істің қағаздары буылған құжат, ішкі аудит қолымызға тапсырылады. Сол жерде кейбір картиналарға қатысты келеңсіз жайттар анықталды. Сөйтіп біз құқықтық бағасын беріп, реттеуге, прокуратураға өз қолымызбен құжат өткізіп тапсырдық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!