Көлік министрі: Пойыздар табиғаттың тосын мінезінен кідірді
Өткен аптада оңтүстік аймақтардағы пойыздар да күн райының қолайсыздығынан кідірді дейді көлік министрі. Сондықтан «Қазақстан темір жолы» басшылығы жауапқа тартылмайды екен.
Автор: Айғаным Достанбай
19.12.2023
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
— Менің жеке жауапкершілігіме келер болсақ, саладағы проблемаларға бірінші басшы міндетті түрде жауапкершілік алады. Ал тасымалға келер болса, иә, оңтүстік аймақтарда біраз пойыздардың межелі уақытынан кідірген кезі болды. Жолаушылар мен жүк тасымалдайтын вагондар да кешікті. Бірақ бұл ауа райына байланысты болған түйткілдер. Дегенмен ҚТЖ қызметкерлері дер кезінде жұмыс істеп, қозғалыс қайта жанданды. Ал жалпы ҚТЖ басшысын жазалауға келер болсақ, «Қазақстан темір жолындағы» проблемалер бұрыннан бар, жылдар бойы қордаланған мәселелер.
Өткен аптада қалың болып жауған қардың кесірінен Жамбыл облысында автокөлік жолдары жабылып, жолаушылар пойызы тоқтатылып, жұрт әбден әуре-сарсаңға түскен болатын. Өңірдегі төтенше жағдайға байланысты оңтүстікте 22 жүк вагоны мен 35 жолаушылар пойызы діттеген жеріне бірнеше сағатқа кешігіп жетті.
Марат Қарабаевтың сөзінше, жолдарды қалың қар басып қалғандықтан, оны дереу тазарту да оңай болмаған. Журналистер министрден мұндай проблеманы «алдын ала шешуге тырыспаған ҚТЖ басқарма төрағасы жауапқа неге тартылмайды?» деп сұрады. Ведомства басшысы бұған қатысты «табиғаттың тосын мінезі ғой» дегеннен басқа нақты жауап бере алмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!