Делдал қызметін ұсынатын алаяқтар пайда болды – «Ұлттық қор – балаларға»
Делдал қызметін ұсынатын алаяқтар пайда болған. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылмай жатып, пысықайлар алақанын ысқылап отыр. Жауапты мамандар тұрғындарға ешкімге көк тиын төлемей-ақ, еш қиындықсыз құжаттарды тіркеуге болатынын ескертуде.
Автор: Айғаным Достанбай
20.12.2023
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы алдағы жылдың 1 қаңтарынан басталады. Оның шеңберінде барлық кәмелетке толмаған қазақстандықтарға жыл сайын Ұлттық қордың жылдық орташа инвестиция табысының 50 пайызы теңдей үлестіріледі. Дегенмен қазірдің өзінде әлеуметтік желілерде балалардың деректерін енгізуге ақылай қызмет ұсынатын алаяқтар пайда болған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы сарындағы хабарламаларға мән бермеуге кеңес береді. «Балаларыңыздың деректерін тексеріп, енгізуді өзіңіз де тегін және өз бетіңізбен, еш қиындықсыз іске асыра аласыз. Ол үшін ешқандай құжат жинаудың, шот ашудың, қандай да бір мекемелердің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Қазірге жасалуы тиіс жалғыз маңызды нәрсе – балаңыздың жеке бас деректерінің бар болуын және құжаттарының дұрыстығын egov.kz порталы арқылы тексеру», - деп қосты жауаптылар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!