Жеңіс Қасымбек: Астанада халық көбейеді екен деп, қақпаға қара құлып салмаймыз
Астанада су тапшылығы жоқ. Енді алдағы бірнеше жылда бұл тақырып қозғалмайды да. Бүгін арнайы брифингте есеп берген елорда әкімі Жеңіс Қасымбек осылай деп ресми түрде мәлімдеме жасады. Құрылысы 10 жылға созылған үшінші жылу энегрия орталығы іске қосылғаннан кейін жылу мәселесіне қатысты сұрақтар да бірталайға дейін жабылды дейді әкім.
Автор: Айғаным Достанбай
22.12.2023
Десе де үлескерлердің жыры, қаладағы кептеліс пен ЛРТ құрылысы сынды сағызша созылған проблемалар әлі де шешімін таппай келеді.
Президенттің Астана әкіміне берген бір жыл уақытының алты айы зыр етіп көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қазір елорда десе, елестейтіні халық санымен қатар, проблемасы да күн сайын қабаттасып көбейіп жатқан бас шаһар. Бұған бас салып қаланың қазіргі әкімін кіналаудан аулақпыз. Осыған дейін «Астанаға енді жан баласы кірмейді» деген ақпарат тараған еді. Тіпті еңбек министрлігі «қалаға кіріп шығудың арнайы жүйесін әзірлеп жатыр" дегенді де құлағымыз шалған. Әкім осы сарындағы қаңқу сөздің бүгін нүктесін қойды. Тұрғындар саны көбейді екен деп, шаһардың қақпасына қара құлып салудан аулақпыз дейді әкім.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
— Елорда барлық қазақстандықтың астанасы. Олардың мұнда келуге құқығы бар. Жалғыз жауабымыз осындай. Инфрақұрылым қаладағы халық саны артуына дайын ба деген мәселеде көші-қон қарқыны кенже қалып отыр. Бұл - коммуналдық-инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік инфрақұрылымдар. Осыған байланысты тиісті шаралар қабылданып жатыр. Көптеген мектеп пен аурухананың, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде осы проблемаға қатысты барлық мәселе, оның ішінде су, жылу, электр мәселелері шешілуде.
Келесі бір түйткіл — үлескерлердің жыры. Бір ғана «Джи парк» компаниясы 12 құрылыс нынанын уақтылы аяқтамай, тұрғындардың, қала берді әкімдіктің көзіндегі сүйелге айналды. Құрылыс компаниясы үлескерлерін тентіретіп қойғанымен қатар, салған баспаналарының бірінен су сорғалап, өзгесі арқаның саршұнақ аяздарында жылуға жарымай отыр.
Мадрид 1, былтыр сол тұрғын үй кешені телеарнаға хабарласып көмек сұраған. Қыс бойы жылудың мәселесін көтерді. Енді, міне, биыл Мадрид 2. Халықтың жағдайын күні кеше өз көзімізмен көріп келдік. Онда да жылу өте мардымсыз.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
— Ол үйдің кілтін үлескерлерге компания осы жылы берді. Жөндеу жұмысын бастай берсін деп. Компаниямен кездестік. Олар өзі міндеттеме алып отыр. 100 млн теңге бөлді. Барлығын реттеп береді. Заң бойынша біз оларға айыппұл сала алмаймыз. Заңға өзгерістер енгізіліп жатыр, талаптар басқа болады.
Қазір қалада ЛРТ-ның құрылысы қайта жанданды. Осыған дейінгі сұхбаттарында әкім жерүсті метросы 2024 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп кесіп айтқандай болған. Қала басшысының бүгінгі жауабынан талайдан бері қаланың көрікін қашырып тұрған тас бағаналарға таяу арада тіршілік бітпейтін секілді.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
— Сізге құрылыстың нақты қай айда аяқталатынын айта алмаймын. Бұл сұрақ маған бұрын да қойылған. Сонда мен тиісті қаржыландыру болса, 2-2,5 жылдың ішінде аяқталатынын айтқанмын.
Жүрген жеріне нөкерлерін ертіп әкететін әкім-қаралар талай мәрте президенттің де сынына ұшыраған. Тіпті мемлекет басшысы мұндай «ұлы көшке» тыйым да салған болатын. Артынша командамен ауысу талайдан бері саябырсығандай еді, соңғы уақытта қайта күшейе бастағандай.
— Келесі сұрақ командалық ауысуға қатысты. Сіз осы қызметке келгенде Қарағандыдан ешкімді әкелмеймін деп уәде бергенсіз. Қазір Даулат Ешкеев, Халел Әкімжанов есімді азаматтардың Қарағанды әкімдігінен ауысып келіп, Астанада лауазымды қызметтерді иеленгенін білеміз. Бұл сәйкестік пе?
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
— Халел Рахымжанов Қарағандының алдында осы әкімдікте жұмыс істеген, көп жыл, оның бәрін тексеруге болады. Келген кісі — Ескеев Даулат. Болды. Бұл ешқандай да командалық ауысу емес пе? Жоқ.
Күні кеше Алматының әкімі Досаев өзіне қатысты нашар пкірлерді саралау үшін кәдімгідей қып-қызыл қаражат бөлуге арланбайтыны туралы айткан. Шаһар басшылығы мұндай әдісті «ақпарат құралдарына мониторинг» деген заманауи терминмен өзіне ыңғайлап алыпты. Себебі үзеңгілестерінің бәрінде де бар екен, мұндай тәсіл. Бірақ Астананың әкімі әріптесінің бұл пікірімен келіспейді. Бас қаланың әкімдігі бұған арнайы ақша да бөлмейді, бұл ішкі саясаттың қызметіне кіреді деп қысқа қайырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!