«Әуелі әкесін өлтірген». Чехияда Аза тұту күні жарияланды
Әуелі әкесін өлтіріп, кейін білім ошағында ойран салған. Чехияның Карлов университетінде болған атыстан 15 адам қайтыс болды. Тағы 25-і жараланған. Зардап шеккендер мен ажал құшқандардың арасында Қазақстан азаматы жоқ.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
22.12.2023
Атыс кеше түскі 3-терге таман болды. Прагадағы университетке қарумен келген қаскөй алдымен философия факульетінің корпусында оқ жаудырған. Сол сәтте студенттер жан-жаққа там-тырақай қашады. Терезенің жақтауына тығылып тұрған қатарластарын да ғимараттың төбесіне шығып жайратып салған. Әрі көше бойындағы кетіп бара жатқан тұрғындарды да атқан көрінеді. Ақыр соңында өзі де ажал құшты. Бірақ өз-өзіне қол жұмсады ма, әлде тәртіп сақшылары көзін жойды ма, белгісіз.
Тапа-тал түсте қырғын шығарған қаскөй сол университеттің студенті екен. Жасы 24-те. Жергілікті полицейлердің мәліметінше, ол білім ошағында ойран шығармас бұрын, үйінде әкесін атып өлтірген. Студенттің мұндай қылмысқа баруына не түрткі болғаны беймәлім.
Чехия билігі қанды оқиғаның терактімен байланысты емес екенін жеткізді. Ертең, 23 желтоқсан Чехияда аза тұту күні деп жарияланды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!