«Башқұртстаннан алдырамыз». Елімізде ең арзан шырша қай өңірде
Жаңа жыл қарсаңында шырша саудасы қызып тұр. Жалпы елде қылқан жапырақтыны кесуге заңмен тыйым салынған. Алайда соған қарамастан базардан табиғи шыршаны табуға болады. Оны саудагерлер көрші елдерден алдыратын көрінеді. Елімізде шыршаның ең арзаны Ақтөбеде екен. Онда биіктігі бір метр қарағайды 4 мың теңгеден ала аласыз. Ақтөбелік саудагерлер шыршаны Башқұртстаннан алдырамыз деп отыр.
Автор: Айман Нұрмағанбет
22.12.2023
Семейде осындай шырша 7 мың теңге. Ал Ақтауда жасанды шыршаның өзі 7 мыңнан басталады.
Ақтөбеде шыршаларды саудаға енді шығарып жатыр. Мұнда биіктігі бір метр қарағайдың құны 4 мың теңгеден басталады. Екі метрлігі 8 мың тұрады. Қылқан жапырақты ағаштарды көршілес Башқұртстаннан жеткізіп отыр. Бұрынғыдай қарағайды әр жерде қаптатып сатып жатқандар жоқ. Саудагерлер жасыл шырша сатуға көп құжат керек және тексерушілер де жиі келіп маза бермейтінін айтады.
Самғат Саяхатов, сатушы:
— Шыршаның маусымы басталып жатыр. Бәрі де ағаш шыршаны көргісі келеді. Иісін иіскегісі келеді. Қазірдің өзінде иісі аңқып тұр. Шыршаларды Ресейден алып келіп жатырмыз. Башқұртстаннан. Заңды, бәрі құжатымен. Бағасы төрт мыңнан сегіз мыңға дейін.
Семейде Ресейден жеткізілген шырша ағашы 7 мың теңгеден саудаланып жатыр. Биіктігі шамамен бір жарым метр. Ал жергілікті қарағайлы орманда күзет күшейтілген. Қазір бекеттер орнатылып орманшылар мен полиция қызметкерлерінен жасақталған 6 мобильді топ жұмыс істеуде. Олар жас шыршалардың заңсыз оталмауын тәулік бойы қадағалап жүр.
Санияз Рахметов, «Қызыл кардон» орман шаруашылығының мемлекеттік инспекторы:
— Соңғы жылдары шырша ұрлау фактісі тіркелген жоқ. Егер азамат заңсыз түрде шырша кессе, ҚР ҚК 340-бабы бойынша үлкен айыппұл салынады. Сонымен қатар зиян келтірілген қылқан жапырақты ағаштардың әр талына 15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Ақтауда өсіп тұрған шыршаны табу қиын. Сондықтан кәсіпкерлер пластмасса шыршаны Алматыдан алдырып сатады. Ең арзаны 7 мың болса, қымбаты 20-30 мың аралығында. Қасына сыйлыққа ілетін ойыншықтар мен балаларға тәтті қосып береміз дейді кәсіпкерлер.
Жадыра Мешітбаева, сатушы:
— Халыққа қолжетімді бағада. 1,5 метрлік шыршаларымыз 7 мың теңгеден. Сыйлыққа ойыншықтарын қосып береміз. Жаңажылдық жеңілдік жасаймыз. Бізде бірақ ағаш шырша жоқ, тек пластмассса.
Супермаркеттер мен дүкендерде жасанды шырша бағасы базармен салыстырғанда қымбат. Сондықтан халық шырша алу үшін базарға іздеп барады. Тұрғындармен қатар әр өңірдің әкімдіктері де қала орталығына шырша құруды бастап кеткен. Бәрі де халыққа жаңажылдық көңіл күй сыйлау үшін дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!