Мәжілісте болмашы себептен сан құбылатын азық-түлік бағасының мәселесі көтерілді
Күннің райына қарап та қымбаттай береді! Мәжілісте болмашы сылтауға, себепке бола сан құбылатын азақ-түлік бағасының жайы бүгін көтерілді. Мәселен, осы Жаңа жыл алдында ғана баға 10 пайызға қымбаттаған.
Автор: Мерей Қалиасқар
25.12.2023
Мұның себебін депутаттар сауда министрінен сұраған. "Өзім базар аралаймын, бағаны да білемін" деген Арман Шаққалиевтың жауабы депутаттардың көңілінен шыққан жоқ. Халық қалаулылары ірі сауда желілерінің сөресінде қаптаған шетелдік өнімдердің бағасына да алаңдап отыр.
Сағаттап есеп берген сауда министрі қос бүйірден қысқан қымбатшылықпен күресу «оңай емес» деп отыр. Күн сайын құбылып тұрған бағаны тұрақты ұстап тұру нарықтың еншісінде. Сөрелердегі өнімдер, әлбетте өзімізден болса, бәлкім реттеуде кедергілер келмес еді. Алайда еліміздегі ірі сауда желілерін шетелдік өнімдер жаулаған. Қазір түрлі мереке, тіпті ауа райына да қарай баға құбыла беретін болған деп ашулы мәжілісмендер. Импортқа тәуелділікті төмендетеміз деп қанша айтқанмен, баяғы жартас сол жартас дейді депутат Ерболат Сатыбалдин.
Ерболат Сатыбалдин, Мәжіліс депутаты:
- Қажет тауарлардың 70 пайызын сырттан импорттаймыз. Баға шарықтап барады. Жаңа жыл мерекесіне де байланысты баға көтеріледі. Ауа райы күрт нашарлағанда, жанаржағармай қымбаттағанда және газ тапшылығына байланысты баға көтерілген. Біреу жөтелсе де, түшкірсе де ауыл шаруашылығы өнімдері көтерілетін болды. Біз қалай бұл бағаны басқарып отырмыз деп айта аламыз?
«Қымбатшылықпен күрес заң аясында жүргізіліп жатыр» деп, тағы қайталады Шаққалиев. "Маусымаралық кезеңде баға өсуі заңдылық. Ал қандай да бір тауардың тапшылығы туындап, әдеттегідей дүрбелең болмас үшін өнімді сақтайтын қоймалар болу керек" деді министр. Жалпы ведомство басшысы сауда нысандарын аралап, бағаның қаншалықты өскенін жіті қадағалап отыратынын жеткізді. Айтуынша, өткен демалыста ғана базарға барып жаңажылдық дастарханға қажеттісін сатып алыпты.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Әжептеуір таңғалдым, бірақ бұл Жаңа жылға арналған себет емес еді. 24 мың теңгеге азықтүлік сатып алдым. Дәстүрлі жаңа жыл дастарханы 37 түрлі тауардан тұратыны белгілі. Мысалы, салаттар, мандарин мен ананас сияқты тауарлардың бағасына келсек, 9,8% қымбаттағанын есептеп шығардық. Менің алғаным құрма, қызанақ, қияр, ет, сүт өнімдері мен екі тандыр нан. Әрине, базар болған соң саудаластық. Жалпы бәрі тәбетіңіз бен әмияныңызға байланысты ғой.
Импорт тауарлардың елімізге емін-еркін кіріп жатқанына мәжілісмен Ерлан Сайыров та алаңдаулы. Ол бұл ретте шет мемлекеттер сияқты қандай да бір шектеу қою керегін ұсынды. Оған бірнеше себеп бар екен.
Ерлан Саиров, Мәжіліс депутаты:
- Ресейдің «Россельхознадзоры», «Юговское» сүт өнімдеріне Ресейдің өзінде, атап айтқанда, сауда орындарына және оқу орындарына жеткізуге тыйым салған. Ал енді бұл сүт өнімдері Қазақстанның барлық сауда орындарында тұр. Осы өнімдерге неге Ресейде тыйым салған? Оны халықтың денсаулығына зиян деп отыр.
Сауда және интеграция министрі бұл жайттан хабарсыз болып шықты. Сайыровтың айтқанын қағазға түрткендей болып, оған қатысты тексеру шараларын жүргіземіз деп кетті. Азық-түлік нарығында жалған сапа сертификаты да жетіп артылады екен. Жыл басынан бері адам денсаулығына қауіпті 3 мыңға жуық өнім анықталыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!