Леонардо Ди Каприо Қазақстан үкіметін құттықтап, ризашылығын білдірді
Леонардо Ди Каприо Қазақстан үкіметіне киік санын көбейткені үшін ризашылығын білдірді. Ақбөкендер бұдан былай жойылып кету қаупі бар жануарлардың санатына жатпайтыны туралы атақты актер әлеуметтік желідегі парақшасына жазған.
Автор: Айғаным Достанбай
25.12.2023
Леонардо Ди Каприо киіктер Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміндегі «жойылып кету қаупі төнген жануарлар» санатынан «қатерлі жағдайға жақын» деңгейіне ауысқанын еске салды. «Бұл Қазақстандағы ақбөкен популяциясының керемет сақталып қалғанын көрсетіп отыр», дейді "Титаник" фильмінде басты рөлді сомдаған актер.
2005 жылдары небәрі 48 мыңдайы ғана қалған киік саны қазір екі миллионға жуықтаған. Осы ретте "браконьерлікпен күреске һәм табиғи аумақтарды құруға қомақты қаржы бөлгені үшін Қазақстан үкіметін құттықтаймыз" деп қосты Голливуд жұлдызы.
Леонардо Ди Каприо, актер:
- Кең ауқымды қалпына келтіру жұмыcы Қазақстандағы ақбөкен популяциясының керемет сақталып қалғанын көрсетеді. 2005 жылдары небәрі 48 000 басты құраған киік түрінің қазір табиғаттағы саны 1,9 миллионнан асыпты. Браконьерлікке қарсы бастамалары, құқық қорғау органдарын жұмылдырғаны және жаңа қорғалатын табиғи аумақтарды құруға қомақты қаржы бөлгені үшін Қазақстан үкіметін құттықтаймыз. Үкіметтің табиғатты қорғау ұйымдарымен, университеттермен және ғалымдармен ынтымақтастығы табиғатты қорғау саласындағы бірлескен күшжігер арқылы қол жеткізілген шынайы табыстың жарқын мысалы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!