Кереку өңірінде жұртта қалған бір ауыл ауыз судан тарығып отыр
Кереку өңіріндегі бір ауыл кермек су ішіп отыр. Спутник бекеті тұрғындарының басқа амалы қалмаған. Ескі құбырдағы тұзды сумен тіпті жуынған да қауіпті. Өйткені құрамында адам терісіне зиян сілті бар. Мұны жергілікті шенеуніктер жақсы білгенімен, судан тарыққан бекет халқының мәселесін шешуге асығар емес.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.12.2023
Шойын жол бойындағы «Спутник» бекетіне көп пойыз тоқтай бермейді. Айналдырған 400-ге жетер-жетпес тұрғыны бар ауылға сырттан көп адам да келмейді. Атқамінерлер де ат ізін салған емес. Жұртта қалғандай күй кешкен елеусіз елдімекендегілер әкім-қара бізге соға қалса, айтарымыз көп дейді. Ең алдымен таза ауыз суын сұрар едік деп отыр. Себебі ішкені кермек дәмді тұзды су. Онымен қоса денсаулыққа зиян сілті тұнған.
Константин Ридняк:
— Ауылымызда ішетін ауыз су жоқ. Сілті тұнған, тұзды техникалық су пайдаланып отырмыз. Оның зияны сондай, қолдағы теріні кептіріп, үлбіретіп жеп қояды. Елдімекенде төрт жүздей тұрғынның сексен пайызы шал-кемпір. Мен қаладан су тасып ішермін, ал қарттардың оған жағдайы да, мүмкіндігі де жоқ.
Зейнеткер Любовь Кабылдина суды үй маңындағы құбырдан алады. Ондағы ылғалдың денсаулыққа залалы бар екенін білсе де, амалы жоқ. Суды сан рет қайнатып, өзімді алдағандай болып ішемін дейді.
Любовь Кабылдина:
— Қайнатпай ішу мүмкін емес. Егер бірден ішсең асқазаныңды тесіп, бауырыңды бүріп тастайды. Бірнеше рет қайнағаннан кейін тұндырамыз. Одан соң сүзіп барып қана пайдаланамыз.
Әкімдіктегілер Спутниктің құбырындағы суды ішуге болмайтынын жақсы біледі. Бірақ құбырдың теміржолға қарайтынын айтып өзіне шаң жуытпай отыр. Шойынжолға жауапты басшыларға жөндеу жүргізуді, не болмаса құбырды ауыл әкімдігінің меншігіне беруге ұсыныс айтқан. Бірақ ол жақтан жауап жоқ. Дегенмен келер жылы мәселе шешіліп қалар деп отыр.
Ақсу қаласының әкімдігі:
— 2024 жылға арналған Достық ауыл округі әкімінің бюджетінде су тазартатын сорғы станциясын модернизациялау жүйесіне қаржы қарастырылды. Нәтижесінде ауыз су сапасы санитарлық талапқа сәйкес келетін болады.
Шенеуніктер ауыл маңында таза ауызсуы бар екенін айтады. Екі шақырым жердегі мұнарадан тасып ішсін деп отыр. Бірақ ол кешкілік тек бір сағатқа ағады. Ал елдімекен ішіне жаңа құбыр тек бір жылдан соң ғана тартылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!