Аймақтар: Жолдар жабылып, мектептерде сабақ тоқтатылды
Көктайғақтан еліміздегі бірқатар өңірде жолдар жабылды. Қарағанды мен Ақмола облыстарында қаладан тыс жерге көлікпен шығуға рұқсат жоқ. Ал Абай облысында мектептерде сабақ тоқтатылды.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.12.2023
Данара Жүнісова, Абай облысы білім басқармасының бас маманы:
— Ауа райының қолайсыздығына байланысты, Абай облысында 1-2 аусымдағы Семей қаласының мектептеріндегі 1-11 сынып оқушылары, Бесқарағай ауданының 1- 4 сыныптары қашықтық оқыту форматына ауысты. Қалған аудандар мен қалалар штаттық форматта оқып жатыр.
Қысқы каникулға 2 күн қалғанда Абай өңірінің оқушылары сабақты үйден оқуға мәжбүр. Көк мұзға жығылып балалар жазым болады деп қауіптеніпті. Сондықтан қашықтан дәріс берген дұрыс деп шешкен. Аймақта көлік қатынасы да қиындады. Семей-Қалбатау бағытындағы тас жолда қалған көліктер көп. Жолға шығып кеткендер діттеген жеріне тұсаулы аттай тұралап әрең жетуде.
Ақтөбе облысында да тайғақтан жүк көліктері жүре алмай жатыр. Мұздан тайып аударылғаны да жетерлік. Бұл аймақта біресе жаңбыр, біресе қар жауып, ауа райы сан құбылып тұр. Жолға жауаптылар трассаға құм мен тұзды тәулік бойына сеуіп жатырмыз дейді. Әсіресе облыс орталығынан Қарабұтақ, Ырғызға қарай трассада ұзын-сонар кептеліс. Оған халықаралық маңыздағы жолдың тарлығы да себеп.
Ринат Оразғалиев, «Қазавтожол» ҰК Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары:
— Желтоқсанның екінші жартысынан бастап жаңбыр аралас қар көп жауып жатыр. Қолайсыз күн райынан қиындықтар тудырып жатыр. Себебі, аталған жол үшінші санатты жол — тар. Жүретін бөлігі 8 метр. Көліктер бұзылғанда кептеліп қалып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!