«Арықтаған аққулар». «Қарақия-Қаракөлде» өлген аққулардан сынама алынды
Маңғыстау облысындағы «Қарақия-Қаракөл» табиғи қаумалынан 30 аққудың өлексесі табылды. Оны инспекторлар тексерген кезде анықтаған.
Автор: Айман Нұрмағанбет
27.12.2023
Мамандардың айтуынша, өлекселер аққудың “сыбырлақ аққу” деген санатына жатады. Тексеру кезінде басым бөлігі аққудың балапаны екені белгілі болды. Экологтар көгілдірлер желтоқсан айының басында болған суыққа шыдамаған деген болжам айтып отыр.
Қаракөлде кемі 5-6 мың бас аққу қыстап жатыр. Жалпы Қаракөлдің жағасы өте тайыз. Ең терең жері бір метр, жағалауы 20-30 сантиметр. Мамандар аққуларды сол көлдің тайыз жерінде қатып қалған дейді. Қазір мамандар сынамасын алып зерттеп жатыр.
Ғаббас Досатов, Маңғыстау облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысы:
— Кеше мамандар құсты жарып, кесіп қараған кезде аққу балапандарының әлі май жинап үлгермегенін көрді. Үлкен аққулардың да майы жұқа. Осы кезде олар май жинап, қысқа дайын болуы керек. Сондықтан инспекцияның болжамы бойынша табиғат қаталдығына шыдамай, қорек таба алмай, май жинамаған. Әлсіздері өлген болуы мүмкін. Бірақ қорытындысын күтеміз. Бір емес, екі мекеме сынама алды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!