{metadescription}
2023 жыл: Атышулы сот процестері
2023 жыл: Атышулы сот процестері

2023 жыл: Атышулы сот процестері

2023 жыл күтпеген үкіммен аяқталған атышулы сот процестеріне толы болды. Айыпталушылардың қатарында қалталы байлар мен креслодан түспеген шенділер аз емес. Бірнеше айға, тіптен жылға созылған сот процестеріне де нүкте қойылып, үкім кесілді.

Дегенмен қылмыстың үстіне қылмыс жамылып, Арыстанбек Мұхамедиұлы секілді тағдыры шешілмеген саясаткерлер де бар. Бекетаев, Мәсімов, Бишімбаевтың қатысы бар есте қалған шулы сот процестерін КТК тілшісі жіпке тізіп көрді.

Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің» дейді халық тәмсілі. Қамауға 2022 жылы алынған шенеуніктердің басым бөлігі өтіп бара жатқан Қоян жылын абақты қабырғасында өткізді. Біразына үкім де кесілді. Қанды Қаңтардан кейін бірден ұсталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімовтің қылмыстық ісіне биыл ғана нүкте қойылды. Бұған дейін ешкім тіс батыра алмаған, кезінде дәурені жүріп тұрған Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мемлекетке опасыздық жасап билікті күшпен тартып алмақ болған оның жазасы да ауыр. Іс өте құпия жағдайда тергеліп, үкім шыққанынан хабардар ететін фото ғана көпшілікке тарады. Бас прокурордың өзі ғана атышулы іске там-тұм ақпарат беріп отырғаны есте.

Берік Асылов ҚР Бас прокуроры:

Мемлекетке төңкеріс жасауға оқталғандар болды. Оны толығымен тергеу көрсетті. Қазіргі кезде барлық құжатты тауып, тексеріп жатырмыз. Төңкеріс жасау алдын ала жоспарланған.

Әр сот отырысында басқасы-басқа, сөз сөйлеп шешендігімен көзге түсетін бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына да үкім кесілді. Бір жыл бойы тергеу изолятарында йогамен айналысып, ең соңында денсаулығым құрып бара жатыр деп үйқамаққа төрт рет сұранған шенеунік ақыры 8 жылға сотталды. Оған «Алтын адамның әлем мұражайындағы көрмесіне» бөлінген 221 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылды. Үкімді негізсіз деп таныған экс-министрдің туыстары сот залында талып қалып, ал ұлы судьяның жағасынан алмақ болды.

Бұнымен Мұхамедиұлы ісі жылы жабыла қоймады. Қылмыстың үстіне қылмыс жамалып, қазір ол «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен жақын досынан тартып алды деген айыппен тергелуде. Министр креслосында ұзақ отырған шендінің бірі - бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев. Қазан айынан бері ол тергеу изоляторында отыр. Экс-министрдің ісіне қатысты ақпарат жоқтың қасы. Ал 50 миллион теңге пара алып қолы былғанды деген бұрынғы мәжілісмен Нұржан Әлтаев басы дауға қалған күннен бастап тағылған айыппен келіспеді.

Қаңтар оқиғасынан кейін бірден қолына кісен салынған Алматы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев биыл елеусіз қалмады. Туған күнін аста-төк дастарқанмен тергеу изоляторында атап өткен ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Елден қашып кеткен генерал көп ұзамай Түркияда ұсталды.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Бүгінде Серік Күдебаевтың ұсталғанын хабарлаймыз. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қосымша қылмыстық іс ашылды.

Бюджеттен бөлінген қаржыны жем қылғандардың ісінен бөлек, бұрынғы экономика министрі, сотталып мерзімінен бұрын босаған Қуандық Бишімбаевтың әрекеті қоғамды дүр сілкіндірді. Ол өзі иелік ететін мейрамханада әйелін өлімші етіп сабап, келіншегі жантәсілім еткеннен кейін де біраз уақыт мәйітті жасыруға тырысып бағады.

Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:

Қуандық Бишімбаевтің ісіне қатысты айтар болсақ, Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жасау туралы қылмыстық іс аясында материал келіп түскені рас. Оның қалай қайтыс болғанына қатысты мән-жайды айта алмаймыз. Қылмыстық іс аясында 12 түрлі сараптама тағайындалды. Оның онының қорытындысы шығарылып, құзырлы органдарға жіберілді.

Жалпы биыл Қайраттар үшін оңай жыл болмады. Сатыбалдымен қатар Қайрат Боранбаев та істі болып 8 жылға жаза кесілді. Қазақстанның ең бай 50 бизнесменінің қатарына кіретін ол 120 миллирад теңгенің активін мемлекетке қайтарып бостандыққа шықты. Осылайша сотталғандардардың арасынан Жаңа жылды үйінде, жақындарының қасында қарсы алатын жалғыз бизнесмен осы Қайрат Боранбаев қана.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.