Қасым-Жомарт Тоқаев: Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану ережесі енді өзгермейді
«Өткенге есеп, ертеңге бағдар». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне көлемді сұхбат берді. Мемлекет басшысы еліміздің ішкі және сыртқы саясатына қатысты мәселелерден бастап, көптің көкейінде жүрген Қанды қаңтар оқиғасы, саяси тұтқындар мен өзінің жеке басына қатысты сан сауалға жауап берген.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
03.01.2024
Үкіметтің алдындада куммуналдық жүйені жақсартудан, ішкі жалпы өнім көлемін өсіруге дейін үлкен міндеттер тұр. Бұл ретте мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген жиыны өткізіліп, сол жерде жаңа экономикалық модельдің талқыға түсетінін айтты.
"Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына тоқталған. Сол қасіретті күндері 5 мыңнан астам адам жараланып, 238-і ажал құшқаны есте. «Бұл бір күнде емес, жылдар бойы қордаланған проблемалардың салдары», - деді президент. Жағдайды пайдаланғысы келген ықпалды топтар тағы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
– Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады.
Осындай астыртын әрекеттің соңы үлкен қантөгіске ұласты. Бейбіт басталған шерудің соңы бей-берекетсіздікке ұласты. Жергілікті атқарушы органдар билікті бұратала қолдан шығарып алған кезде Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының көмегіне жүгінген еді. Бұл ретте, мұны тек Ресейдің көмегі деп түсіну қате екенін президент тағы қайталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқарып, қасіретті күндерде елді жайлаған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ.
Тоқаев бастаған саяси реформа Қаңтар оқиғасынан кейін тың қарқынмен жалғасты. Референдум арқылы конституцияға өзгерістер енгізілді, жаңа саяси институттар құрылды. «Мұның бәрі үлкен өзгерістің бастауы» -деді мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі сайлауға түседі-міс деген қауесетке де жауап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ. Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген.
Үкімет алдына қойылған шұғыл атқарылуы тиіс шаруалар көп. «Жуырда министрлер кабинетінің кеңейтілген жиыны өтеді», - деді президент. Жолдауда айтылған "жаңа экономикалық модель" сол кезде жарияланбақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады. Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз.
Мемлекет басшысы әбден тозған жылу орталықтарының жайына тоқталды. Екібастұз, Риддер Балхаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар проблеманың айқын көрінісі. «Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту өте ауқымды әрі күрделі міндет болса да, бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр», -дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы атом электр станциясының құрылысы, Қытаймен, Ресеймен қарым-қатынас, банкке белшеден қарызға батқан бұқараның жайы, елдегі адам құқының сақталуы, кадр тапшылығы сынды сан сауалға жауап берген. Сұқбаттың толық нұсқасын "Егемен Қазақстан" газетінен оқи аласыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!