«Әдейі соқтықты». Алматыда итті пышақтап өлтірген ер адам қамауға алынды
Алматыда итті пышақтап өлтірген азамат қамауға алынды. Бірақ күдіктінің айтуынша, питбультерьер жетектеген тұрғынмен көшедегі жанжалда ол итінің тұмылдырығын шешіп, оған қарсы айдақтаған. Қабаған иттен қорғану үшін қалтасынан пышағын шығарыпты. Ал қапелімде үй жануарынан айрылған тұрғын күдікті алдымен шылым сұрап, әдейі соқтыққан дейді. Итінің арқасында бір ажалдан қалғанын айтуда. Кімнің сөзі рас ?
Автор: Әсем Лесбек
03.01.2024
Оқыс оқиға түскі сағат екі шамасында қаладағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.
Денис сол күні әдеттегідей итімен серуенге шыққан. Белгісіз ер адам жанына келіп одан темекі сұрапты. Шылымның жоқ екенін айтқан Дениске бірден пышағын сілтеп, соңынан қуалаған. Тіпті қалтасын тексермек болыпты. Ауланы шыр айналған үшеуі тура үйдің қасына келгенде тағы сөзге келіп араздаса бастайды. Сол сәтте ит иесін денесімен қорғамақ болып пышаққа түседі.
Елена Каштанова, Денистің анасы:
— Менің ұлым ешқандай сөз қайтармаған. Тек темекі шекпейтінін айтқан. Әлгі жігіт айтқанына көнбей, баламды қуалаған. Иттің аузында тұмылдырығы, мойнында бауы бар. Біз серуендеуге шыққан сайын оны солай алып шығамыз. Бұзақы жігіт итке де қарамаған. Бірге қуалап, пышақтаған соң, «енді сенің кезегің» деп балама қарай атылыпты.
Куәгерлердің айтуынша, тал түсте суық қарумен жүрген азамат масаңқы күйде болған. Аузына келгенін айтып барынша балағаттаған. Америкалық питбуль тұқымдас итпен иелері сегіз жылдан аса бірге тұрған. Қабаған ит санатына жататын жануармен күнделікті серуен жасауды әдетке айналдырыпты
Нина Москвитина, оқиға куәгері:
— Бір еркектің ары-бері жүгіргенін көрдім. Бар дауысымен айқайлап, сөйлеп жүрді. Не айтқаны нақты түсініксіз. Біз алыстан көріп, мұнда жоламай-ақ қояйық дедік.
Ал күдіктіден жауап алу кезінде мұндай әрекетке қорғану үшін барғанын айтқан. Өйткені иесі иттің тұмылдырығын шешіп, қарсы айдақтап, бос жібере салған дейді.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
— Күдікті 1987 жылы туған Б. есімді азамат ұсталды. Иттің иесі екеуінің арасында туындағанжанжалдың нәтижесінде иттің иесі жануардың аузындағыны алып, өзіне қарсы жібергенін айтты. Күдікті өзін қорғауға мәжбүр болғанын түсіндірді. Оқиғаның объективті мән-жайы қосымша тергеуде анықталады.
Дегенмен Денистің анасы айтылған ақпаратпен келіспейді. Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК 316-бабы 2-бөлігі, яғни жануарларға қатыгездікпен қарау дерегімен іс қозғалған. Кінәсі дәлелденсе, екі айға дейін қамауға алынуы мүмкін. Қылмыстық құқық бұзушылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!