«Мобильді емес, тек қолма-қол ақша». Жұрт қағаз ақша іздеп сабылып кетті
«Мобильді аударым жоқ, тек қолма-қол ақша қабылдаймыз». Жыл басталғалы жұрт қағаз ақша іздеп сабылып кетті. Дүкендер мен базарларда саудагерлер қолма-қол валюта бергеніңді қалап тұр. Биылдан бастап онлайн аударымның қатаң тексерілуі кәсіпкерлерді осындай айлаға көшуге итермелеген сыңайлы. Өйткені енді айлық түсімі әр түрлі адамнан 100 аударымнан асып кетсе — тексеріледі. Десе де төлемнің басқа түрі бола тұра, тек қолма қол ақша сұрау — заңсыз деп отыр салықшылар. КТК тілшісі Астанада базардағы жағдайды бақылап келді.
Автор: Айжан Шамшидин
04.01.2024
Қара базарды аралаған қараша жаңа жылдан бастап қағаз ақша іздеп дүрлігіп жүр. Пысықайлар тіпті электронды ақшаны купюраға пайызбен айырбастап та көл-көсір пайдаға батып жатыр екен. «Онлайн аударымдар бақылауда болады» дегеннен-ақ, елордадағы кейбір кәсіпкер қолма-қол есеп айырысуға көшкен. Терминал тұрса да, электронды сауда жасауға құмбыл емес. Базардан бөлек, алыс-берісіміз 100 аударымнан асып кетеді деп секемденген кішігірім кәсіп иелері де осы әрекетке көшкен.
Алексей Иванов, кофехана иесі:
— Қазір мобильді аударым қабылдамаймыз. Міне, карточкамен төлем жасаса болады, болмаса QR-код арқылы. 100 аударым туралы естідік. Нақтысын әлі түсінбедік. Бірақ елдің дүрлігіп жатқанын білеміз. Салық төлеуден жалтармаймыз. Бірақ кішігірім ғана кофехана болғандықтан, қалтамыздың қағылмағанын тілеп тұрамыз.
Саудагерлердің тілегі бұл ретте аздық етеді. Яғни сауда барысында төлемнің басқа түрлері бола тұра, қолма-қол ақша ғана талап ету заңсыз дейді салықшылар. Ал аударымды шамадан тыс көп жасағандарға салықты бақылау онсыз да күшейгелі отыр. Яғни қатарынан үш ай бойы әр түрлі адамнан 100 аударым келіп түссе, азамат кәсіппен айналысып жатыр деген күдікке ілінеді. Аударымы жіті тексерілетін болады. Ал той-томалақ өткізіп, ас берген жағдайда жеке шотқа түскен қаржы есепке алынбайды.
Айнұр Сартаева, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
— Жеке тұлға өзінің банк картасынан айына 100 әр түрлі адамнан мобильді аударым алып отырса және бұл үдеріс үш ай қатарынан қайталанса, онда бұл азаматқа қатысты салықты бақылау жүргізіледі. Егер той болса, бұл азамат той істегені туралы нақты ақпаратты, түсіндірмені берсе болады. Үш ай қатарынан той жасамайтын шығар.
Сарапшылар тынышы — жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бетің ашық күйде белгіленген салық мөлшерін төлеу дейді. Ең әуелі бұл ретте тұтынушының құқығын ескеру қажет. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деп тымпиып отыра берсе, айналдырған екі-үш айда қай кәсіпкердің болсын, кімнің болсын бизнесі құрдымға кетері сөзсіз деп топшылайды экономист Бауыржан Ысқақ.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
— 1 қаңтардан бастап мобильді аударымға шек қоюымыздың өзі, бірінші кезекте, бұл жерде мүдделі болып тұрғандар, олар салық тіркеуде өтпей, өзінің бизнесін заңсыз атқарып жатқандардың әрекеті. Соңғы үш жылда көлеңкелі экономиканың үлесі 23 пайызға төмендеуінің өзі ол қолма-қолсыз жүзеге асырған операциялардың әсері десе болады.
Электронды саудаға әбден төселіп алған халық төлем қабылдаудан бас тартып, «қағаз ақша алып кел» деп сандалтып қойған кәсіпкердің атын атап, түсін түстеп көрсете алады. Ол үшін Мемлекеттік кірістер органдарына хабарласу қажет.
Үш ай бойы әр түрлі адамнан 100 төлемнен аса қабылдаған адамға бастапқыда ескерту жасалады. Одан кейінгі үш айда жағдай айна-қатесіз қайталанса, 150 мыңға жуық айыппұл салынады. Сондықтан кірістер комитеті қазірден клиенттің төлеген ақшасын жеке шотқа емес, кәсіпкерлік мақсатта ашылған есепшотқа қабылдауы жөн екенін ескертеді. Ал мемлекеттің қамбасына түскен қаражат есебінен жауаптылар шұрық жолдарды жөндеп, медицинаның сапасын арттырамыз деп уәдені үйіп-төгуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!