{metadescription}
Оралда кафе жарылып, үш адам қаза тауып, төртеуі ауыр халде жатыр
Оралда кафе жарылып, үш адам қаза тауып, төртеуі ауыр халде жатыр

Оралда кафе жарылып, үш адам қаза тауып, төртеуі ауыр халде жатыр

Оралда дәмханадағы жарылыста үш адам қаза тапты. Үйінді астынан табылған алты адамның төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы тым ауыр. Мамандар дәмханада газ қоспасы жарылып, кейін өрт болғанын айтады. Жарақат алғандардың ішінде Өзбекстан азаматтары да бар. Құтқарушылар қирандыны әлі аршып жатыр. Зардап шекендер әлі де бар болуы мүмкін екенін айтады.

Оралдағы жарылыс болған дәмхана аумағындағы үйлердің бәрін тәртіп сақшылары қоршауға алған. Жедел жәрдем де кезекшілікте тұр. Жүзден аса құтқарушы үйіндіні аршып жатыр. «Ризық» деп аталатын дәмхананымен көршілес орналасқан көпқабатты үй тұрғындары түн жарымында шошып оянған. Қатты жарылыстан кейін қолына түскен киімін киіп сыртқа атып шыққан.

Мұрат Хасанов:

Қорқып кеттік, үй жарылып жатыр ма, қазандық жарылып жатыр ма екен деп. Бір қарасақ, кафе жарылған. Көршілерді оятып, сыртқа шығардық. Газ ,ой, қайткенмен.

Ғимаратқа табиғи көгілдір отын магистральдан тартылғанымен, ас әзірлеуге пропан баллонын да пайдаланып келген. Баллоннан газ шығып, артынша жарылыс пен өрт болды деген болжам айтады мамандар. Өртті тез өшіргенімен, қираған үйіндіні аршу қиын болып жатыр. Қаза тапқан екі адамның сүйегі таңға жуық табылса, үшіншісінің денесін түстен кейін анықтаған. Жарақат алған алты адамның біреуі ауруханаға барудан бас тартқан. Төрт науқас ауыр халде. Арасында Өзбекстанның екі азаматы бар.

Ерлан Тоқсанов, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Тағы бір адамның беті мен мойны күйген, жеңіл күйігімен травматология бөлімшесіне орналастырылды. Қалған төртеуі жансақтау бөлімінде. Жағдайлары өте ауыр. Төртеуінің де басы жарақаттанған. Жабық жарақат дейді. Төртеуін де қатты күйік шалған.

Дәмхананың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында тәулік бойына жұмыс істейтіні айтылған. Халықаралық трасса бойында орналасқандықтан, жүк көлігін тізгіндеген жүргізушілер көп аялдайды. Жарылыс болған кезде де тамақтануға тоқтағандар біраз болуы мүмкін. Сондықтан үйінді астында қалғандар әлі де болуы мүмкін дейді құтқарушылар. Бірақ аршуға бетон тіреуіштер кедергі келтіріп тұр.

Ернұр Өтегенов, БҚО ТЖД бастығы:

Ішінде адам болуы мүмкін деген болжаммен тағы да жұмыс жүргізілуде. Қиындығы сол, құлаған-қираған темір бетондар құтқару жұмысын қиындатып отыр.

Жарылыстан дәмхана маңында тұрған бірнеше автокөлікке зақым келген. Сол маңдағы көпқабатты үйлердің де терезелері сынған. Тұрғындар жақындарының үйін сағалап жүр. Үйлерге келіп тұрған газ құбырын жауып тастапты.

Тыныштық Жақыпов:

Қатты бір жарылыс болды. Соққы толқынынан терезенің әйнектер шатырлап сынды. Сыртта машина жарылған болар деп ойладым. Кафе жарылған екен. Әйнектер сынды. Залда талай әйнек ұшып кетті.

Төтенше жағдайлар департаменті зардап шеккендердің туыстарына арнап жедел желіні іске қосты. Ал қираған дәмхананың астын толық қарап шыққанша, жұмыс әзірге тоқтамайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

02 тамыз

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.