Оқушылар өлімі. Ақтөбе білім бөлімі басшысы мен мектеп директоры жазаға тартылды
Ақтөбе облысында олимпиадаға бара жатқанда көлік апатынан көз жұмған оқушылар мен мұғалімнің өлімінен кейін білім бөлімі басшысы мен мектеп директоры тәртіптік жазаға тартылды. Алайда олардың тек сөгіспен құтылғанына марқұмдардың туысы келіспей отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
05.01.2024
Қайғылы оқиға кезінде білім ошағының басшысы «балалардың қауіпсіздігін ойламай, облыс орталығында жүрді дейді» қаралы отбасы. Тәртіп сақшылары ертіп жүретін көліктер тізімі де дұрыс берілмепті. Ал сол апаттан кейін Облыстық білім басқармасының басшылығы қара жамылған ата-ана, туған-туысы, әйтеуір өздерінен басқаның бәрін кінәлап шыққаны есте.
Айта кетейік, екі апта бұрын Ырғыз ауданына республикалық олимпиаданың бірінші кезеңіне қатысуға Жаныс би ауылынан бес оқушы мен бір мұғалім жолға шығады. Олар мінген машина жүк көлігімен соқтығысып, екі оқушы мен мұғалім сол жерде қаза тапқан. Ал көлік иесі мен қыршын кеткен қыздың ағасы қазір қамауда отыр. Облыстық білім басқармасындағылар енді Ырғыз ауданы білім бөлімінде басшы жоғын сылтауратып отыр. Сондықтан уақытша міндетін атқарушыға тек сөгіс жариялапты. Ал Темірастау орта мектебінің директорына қатаң сөгіс берілген. Жұмыстан босату мәселесі тергеу аяқталған соң шешіледі дейді.
Нұргүл Бертілеуова, Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары:
— Қызметтен шеттету үшін міндетті түрде құзырлы органдардың негіздемесі керек. Сондықтан тергеу жұмыстары аяқталған жоқ. Тергеу аяқталып, нақты шешім қабылданған кезде Темірастау орта метебінің директорына қатысты нақты жұмыстан босату, басқа да шара қолданылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!