«Қысым көріп жүрміз». Атырауда емхана қызметкерлері наразылыққа шықты
Атырауда дәрігерлер наразылыққа шықты. Емхана қызметкерлері екі жылдан бері басшылықтан қысым көріп жүрміз дейді. Үстеме ақы мен сыйақыға да жарымадық деген медицина мамандары директордың қызметтен кетуін талап етуде. Ал басшы қызметкерлерінің уәжімен келіспейді. «Егер жұмысыма көңілі толмаса, құзырлы орындарға арыздансын» деп отыр. Осы шудан кейін Облыстық денсаулық сақтау басқармасы емханада қызмет тексерісін жүргізілетінін жеткізді.
Автор: Жанат Молдашова
05.01.2024
Атыраудағы «Геолог» емханасындағы медицина мамандары «наразылыққа шығудан басқа амалымыз қалмады» деп отыр. Айтуларынша, екі жыл бұрын келген басшы дәрігерлер пен мейірбикелерге қысым көрсетіп қудалап, ұжымға іріткі салған. Осыған дейін үстеме ақы мен сыйақыны да толық алып келген олар «жаңа басшылық келгелі бәрінен қағылдық» деп ашынды.
Сәбира Байбосынова, емхана қызметкері:
— Біз дифтөлем мен МӘМС уақтылы төленсін деп сұраймыз. Күні-бүгінге дейін соны алу үшін айқай-шумен, жиналыс жасап қана аламыз. Кім жиналыста сөйлейді, кім ұнамай қалады, кім чатқа шығады, сол кісілердің барлығын шақырып алып, «сіз жұмыстан боссыз» деп. Бүгін естідік, бас мейірбикені жеке шақырып алып, «бүгіннен бастап жұмыстан боссыз» депті.
Әсел Ешманова, емхана дәрігері:
— Қазіргі директорымыз 2021 жылы келді. Бұл директор келгеннен бастап бізде қосымша ақы беруден қалды. Біріміздің орнымызға біріміз жұмыс істейміз.Екінші кісінің ақшасы берілген жоқ. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасына арызданып, өз атыммен арыз тіркедім. Маған директор тарапынан қысым көрсетілді.
«Айрандай ұйыған ұжымға ірікті салды» деп шулаған ақ халаттылар қазіргі басшыларының қызметтен кетуін талап етуде. Алайда «Геолог» емханасының директоры Меруерт Өтеғалиева қарамағындағы қызметкерлердің сөзін жоққа шығаруда. Ал үстемеақы мен сыйақы берілмесе, құзырлы органдарға арыздансын деп отыр.
Меруерт Өтеғалиева, «Геолог» емханасының директоры:
— Екі жылдан бері дифтөлем, ештеңе алмай жүрмін десе, құзырлы органдарға жазсын. Сол жерден көтеріп, дифтөлем, үстеме ақысын, бәрін шығарып берсін. Мен ешқандай қарсылығым жоқ.
Осы шудан кейін ақ халаттылардың жанайқайына Облыстық денсаулық сақтау басқармасы назар аударды. Енді олар қызмет тексерісін жүргізбекші.
Алмагүл Әбілова, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
— Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан күні ертең ресми қызмет тексерісі басталады. Оның құрамына заңгер, экономист, бухгалтерия бойынша мамандарымыз қосылады.
Дегенмен бұл емхана ұжымы бірнеше рет басқармаға арыз-шағым жазған. Шу шыққан сайын қызмет тексерісі ашылады екен. Бірақ бірде-бірінен нәтиже шықпапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!