Астанада автожолдар жабылды. Қарағанды бағытында 100-ден астам көлік кептелісте тұр
Ақтүтек бораннан Астанаға кіріп-шығатын автожолдар жабылды. Алыс сапарға шыққан жүк көліктері кешеден бері боран басылғанын күтіп жатыр. Тек Астана-Қарағанды бағытында 100-ден астам көлік кептелісте тұр. Жол аршу жұмысына жұмылдырылған арнайы бригада күшейтілген режимге көшкен.
Автор: Мерей Қалиасқар
08.01.2024
Ауа райының күрт бұзылуына байланысты Астана-Павлодар, Астана-Көкшетау мен Астана-Қарағанды бағыты бойынша барлық көлік түрі үшін қозғалыс қазір тоқтап тұр.
Астана-Қарағанды тас жолы көлік иелері бірнеше сағаттап осы жерде жолдың ашылғанын күтіп отыр. Ал тәріп сақшылары жүргізушілерге кезекті рет ескерту жасап, жолға шығуға болмайтынын айтуда.
Жолға шығуды күтіп тұрған біршама көлік иелерімен тілдесіп көрдік. Барлығы да бұл бағытта жол жабылды деген хабарлама келмегенін алға тартты.
Қала ішінде де жағдай күрделі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты елорда маңына қатынайтын автобустардың да қозғалысы уақытша тоқтатылған. Қалың қардан орталық көшелерде қозғалыс тежелді. Қалалық коммуналдық қызметі күшейтілген режимге көшкен. Табиғаттың тосын мінезіне бірер күнде төтеп береміз деп отыр.
Тимур Ахметов, "Астана тазалық" ЖШС бас маманы:
— Жұмыс екі ауысыммен жүріп жатыр. Қар болмаса ,2-3 күнде тазалап бітіреміз. Осы қыста біздің мекемеміздің шығарған қары 450 мың текше метр. Қалада адам көп. Кейбір жолды тазалаған кезде машиналар кедергі жасайды. Соның әсерінен тазалық жұмысы сәл созылады.
Полиция департаментінің мәліметінше, боран салдарынан бір түнде 25 жол апаты тіркелген. Ауа райына байланысты мектеп оқушылары жаңа тоқсанды бүгін үйінде бастады. Әлі 2-3 күн мектеп есігі жабық болатын сыңайлы. Өйткені синоптиктер боран әзір басылмайды деп отыр.
Афродита Пірімжар, "Қазгидромет" РМК инженері:
- Республика бойынша қатты жел күтіледі. Аяз еліміздің батысында, солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында термометрлер түнде 20-30 аязға дейін, ал шығыста минус белгісімен 18-23 дейін төмендейді.
Әкімдіктің ақпарына сәйкес бір тәулікте 2 мыңға жуық техника қар тазалауға жұмылдырылыпты. Кешелі бері 37 мың текше метрден аса қар шығарылды. Бас қаладағы жағдай әлі де толық реттелмеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!