Өңірлерде қарлы бораннан коммуналдық қызмет пен полиция әбігерге түсті
Еліміздің орталығы мен шығысы да қарлы боранның құрсауында қалды. Оған көктайғақ қосылып, кейбір жолдарда қатты жел көліктерді ұшырған. Қарағанды мен Көшетауда ақтүтек боран сырт түгілі, қаланың ішін көрсетпей тастады. Соның салдарынан коммуналдық қызмет пен полиция әбден әбігерге түсіп жатыр. Көлік апаттары да көп.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
08.01.2024
Қарлы бораны үдеген қалалардан шығатын жолдар да жабылып, полция бекеттерінде кептеліс пайда болды. Жолда қалғандарды шығаруға құтқарушылар тартылған.
Ақмола облысында да ақ түтек боран. Қалың қар жауып, секундына 30 метр жылдамдықпен жел соғып тұр. Тиісті қызметтердің ескертуіне қарамастан жолға шыққандар да көп. Көкшетаудың төрт жағынан сыртқа шығатын жолдар тегіс жабылды. Оның үстіне кей ауданда жаңбыр да жауып көктайғаққа айналған. Ауа райының қолайсыздығын ескермей Астана, Петропавлға шыққан көліктер жолда қаңтарылып тұр. Қаланың ішінде де алай-дүлей бораннан қарыс қадам көрінбей,жүріп-тұру қиындаған.
Нұрхан Алпысов, Степногор ТЖБ аға инженері:
— Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдар жабық. Степногорск-Азат, Астана-Петропавл. Осыған орай Степногорск қаласының төтенше жағдайлар басқармасы Степногорск қаласының тұрғындары мен қонақтарына алыс сапарға шықпауды сұрайды.
Абай облысында ақтүтек боран мен көктайғаққа байланысты тас жолдар жабылып жатыр. Семейден қатынайтын төрт бағыт бойынша күре жолға шектеу енгізілді. Ал көктайғақтан Қалбатау- Көкпекті тас жолында көліктердің жол жиегіне ұшып кетуі көбейген. Жарты сағаттың ішінде екі жеңіл көлік жолдан шығып кеткен.
Төлеу Ахатов, Абай облысы ПД жол патруль полициясының инспекторы:
— Құрметті Абай облысының тұрғындарына ескерту, 8 қаңтарда ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Семей-Дмитриевка, Семей-Курчатов тас жолы жабық. Сол себепті жолға шықпауды сұраймыз.
Ал Қарағанды облысынан басқа қала түгілі, ат шаптырым жердегі серіктес елдімекендерге баратын жолдар таң ата жабылды. Соның салдарынан
блок-бекеттерде ауыр, жеңілі бар 200-ге тарта көлік тұралаған. Ал жол жабылғанша шығып кеткен 80-ге тарта көлік әр жерде қар құрсауында қалды. Барлығына да көмек жетті дейді мамандар.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы:
— Ауа райының күрт өзгеруінен және ара қашықтықты және жылдамдықты сақтамауынан 18 ұсақ жол-көлік оқиғалары тіркелді. Күн ашылған жағдайда «Қазавтожол» қызметі жолды тазалағанда көліктер полиция қызметкерлерінің жол көрсетіп жүруімен діттеген жеріне жеткізіледі.
Қарлы бораннан Қарағандының іші де алай-дүлей болды. Қалада бар арнайы техника жол тазалауға шамасы жетпей қалды. Боран мен көктайғақ көлік түгілі, адамдарды да титықтатқан. Соның салдарынан түстен кейінгі ауысымдағы мектеп оқушылары онлайн оқуға көшірілді. Ал синоптиктердің болжамынша алдағы екі үш күнде қар толастамайды. Одан кейін күн күрт суытады. Әсіресе елдің батысы, солтүстігі мен орталығында 30 градусқа дейін аяз болады деп болжанып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!