Елімізде 6 жасқа дейінгі 800 мың бала екпе алмаған
Елімізде 6 жасқа дейінгі 800 мың бала екпе алмаған. Яғни осынша бүлдіршіннің дифтерия, полиомиелит пен туберкулез сынды ауруларды жұқтыру қаупі зор. Халықтың екпеге қатысты белсенділігінің тым төмен екенін бүгін денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысында айтты.
Автор: Мерей Қалиасқар
09.01.2024
Осы себепті елде қызылшаға шалдыққандар саны да азаймай тұр. Тек қантар айының басынан бері мың жарымнан аса адамнан қауіпті ауру белгілері анықталған. Министрлер кабинетінде талқыланған елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қалай?
Қызылшаның белең алғаны соншалық, соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр. Үкімет шұғыл түрде қосымша иммундау науқанын бастағанымен, асқынуы өлімге әкелуі мүмкін инфекцияға қарсы екпе алуға халықтың басым бөлігі асықпай отыр. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, вакциналаудың төмен деңгейі жеті өңірде байқалды: Қарағанды, Атырау, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласы.
Бұл облыстардың әкімдеріне бүгін Үкімет басшысына түсініктеме беруге тура келді. Ал жауап ретінде премьер-министр оларға кезекті рет вакциналау жұмысын күшейтуді бұйырды. Әлихан Смайылов бұл мақсатта Үкімет былтыр 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлгенін де еске салды. Десе де бір қуантарлығы, қазақстандықтар аса қауіпті инфекцияларды жұқтырмапты.
Әлихан Смайылов, ҚР ремьер-министрі:
— Жалпы мониторинг қорытындылары бойынша өткен жылы ең қауіпті инфекциялармен оба, дифтерия, тырысқақ, сіріспе және т.б. ауырған науқастар тіркелген жоқ. Кең таралған вирустық инфекциялар бойынша да көрсеткіш төмендеді. Ол В вирусты гепатит, ротовирусты инфекция, дифтерия және басқасы.
Десек те былтырдан бері дес бермей таралып жатқан қызылшаға қарсы күресті одан сайын үдету керек. Мәселен жаңа жылға дейін 30 мыңға жуық адам қауіпті вирусты жұқтырса, соңғы бір аптаның өзінде 1674 жағдай тіркелген. Денсаулық сақтау министрі вакцинамен-ақ алдын алуға болатын аурулардың көбеюін 2015 жылы енгізілген заңмен тікелей байланыстырады. Яғни ата-аналар баласына екпе салдырмауға құқылы болғандықтан, елімізде соңғы жеті жылда жағдай күрт өзгерген.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
— Бүгінде 6 жасқа дейінгі 800 мыңға жуық бала дефтерия, полиомиелит, туберкулез және басқа қауіпті инфекцияға қарсы егілмеген және қорғалмаған.
Антиваксерлер вакцинацияның денсаулыққа қауіпті және көптеген кері әсері барын айтып жүргенімен, еліміздің бас санитар дәрігері «алаңдауға еш негіз жоқ» деп отыр. Қазақстанға келген қызылшаға қарсы екпенің әрбір партиясы жіті сынақтан өткізіледі дейді Айжан Есмағамбетова. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификаттауымен ғана емес, ішкі республикалық бақылаумен де тексеріледі екен.
Айжан Есмағамбетова, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, Бас санитар дәрігер:
— Вакцинация бойынша біз күтпеген ауыр реакциялар, мысалы ауыр асқынулар немесе өлім болмағанын атап өткім келеді. Дегенмен басқа әсері болуы мүмкін.
Инъекцияның орнында аздап ауырсыну мен қызару немесе температураның шамалы жоғарылауы тек екпені салған сәттен бастап бесінші-жетінші күні ғана сезіледі. Айжан Есмағамбетова мұндай реакция болды, бар және болады дейді. Бірақ оның саны белгілі бір шекті - вакциналанған адам санының бір пайызынан аспауы маңызды. Ал бұл көрсеткіш қазір қалыпты екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!