«Жылу жинағыш» блогерлерге тұсау салынды. Айтыскер ақын, мотиватор, коучтер тіркелуге тиіс
Халықтан «жылу жинағыш» блогерлерге енді тұсау салынады. Танымалдығын пайдаланып түрлі мақсатта қор ашатын айтыскер ақын, мотиватор, коучтер бұдан былай жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.
Автор: Айжан Шамшидин
09.01.2024
Олай болмаған жағдайда "әлеуметтік желінің серкелері" құзырлы органдардың қатаң тексеруіне ілінеді. Салықшылар онсыз да «жылу» жинағанда блогерлердің шотына айына 100 аударымнан көп ақша түседі деп отыр. Бұған дейін өзі бастап, ойына келген уақытта тоқтата салатын бұл әрекеттерін тексеріп жатқан ешкім болмады.
Жалпы биылдан бастап көпшіліктен ақша жинау тек қайырымдылық мақсатта ресми рұқсат етіледі. Оның өзінде сырқат бүлдіршіндердің еміне ғана кәсіпкер ретінде тіркелмей қаражат жинауға рұқсат. Ал қазіргі интернет бетінде кезіп жүрген жол салу, мешіт-медіресе құрылысына арналған түрлі ақша жинаушылардан әр тиынның сұрауы болады деп отыр қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
— Кім ақшаны жинайды, нақты білу керек не үшін жинап жатқанын. Жеке шотына түсіп жатыр ғой. Кәсіпкерлік бағытта емес, жарнама болса онда салық міндеттемесі пайда болады. Ал егер қайырымдылық жағдайы болса онда ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Салық төлемдері пайда болмайды. Немесе туысқандарына аударса, онда да жауапкершілік пайда болмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!