Алматының тазалығына жауапты кәсіпорынның басшысы қамауға алынды
Алматының қоқысын шығаруға жауапты коммуналдық кәсіпорынының басшысы қамауға алынды. Әділет Тоқтасынов ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінген.
Автор: Әсем Лесбек
09.01.2024
Антикордың мәліметінше, пара көлемі 2 миллион 700 мың теңге. Аталмыш соманы қаланың "бас тазалықшысы" тапсырыс алатын мердігерден мемлекеттік сатып алу бойынша қосымша шарт жасасу үшін алған. Сондай-ақ орындалған жұмыс актілеріне қол қоюға және қамқорына алуға келіскен көрінеді. «Алматы тазалық» мекемесі басшысының кабинетін жіті тінтіп, ақша табылған. Қазір Тоқтасынов уақытша ұстау изоляторында отыр.
Нұрлан Садықов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы департаменті бастығының орынбасары:
— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алматы тазалық» MKK директорына катысты сотқа дейінгі тергеу жургізуде. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚК 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!