Шымкентте арзан жиһаз аламыз деп алданғандар шу шығарды
Шымкентте арзан жиһаз аламыз деп алданғандар шу шығарды. Олар ақшасын алдын ала төлеп, бірнеше айдан бері тапсырысын ала алмай жүр екен. Бос тұрған ғимаратты жалға алып, нарықтан төмен баға ұсынғандар қашып кеткен. Алданып қалғандар полицияға қанша арызданса да, іс әлі қозғалмаған. Жәбір көргендер жиһаз жасағыштар мен тәртіп сақшыларының ым-жымы бір болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Автор: Бек Әбиев
09.01.2024
Шымкенттегі ең ірі базардың жанынан қыркүйек айында ашылған жиһаз дүкені бірден клиентерді өзіне баурап алған. Өзге жерге қарағанда анағұрлым арзан әрі қанша тауар алсаңыз да бірер күнде үйіңізге дейін тегін жеткізіп береміз дегенге жұрт сеніп қалған. Енді не жиһаз, не ақша жоқ.
Ақмарал Дәулетбай:
— 25 мың дегеннің үстелі 21 мың деді ғой. Содан 40 данасы есептеді, 840 мың болды. Одан кейін үстелді қолдан істеймін деп, тағы да 220 мың теңге қос деді. Осылай барлығы 1 миллион 200 мың теңге болды. Несие рәсімдедім, 34 мың теңгеден әлі төлеп жатырмын, үш ай болды. Сонымен не қоймасының мекенжайын айтпайды. «Өзім алайын, үйден машина алып барайын» десем, не оны айтпайды.
Соңғы екі айда дүкенге шағым көбейген соң базар басшылығы да дүкен иесін қуып шығыпты. Қазір, дүкеннің есігі мөрленген. Ақшасын беріп, тауарын ала алмай жүргендер қараша айынан бастап полицейлерге арыз жазып келе жатқанын айтады. Бірақ бірде-бір шағыммен іс қозғалмапты.
Нұрсұлу Ілесбаева:
— «Білгеніңізді істеңіз, 102 шақырасыз ба, не шақырасыз, өзіңіз біліңіз. Ешқандай ақшаңызды қайтармаймын , қажет болса да» деп, тура сөйтіп айтты маған. Абай ауданы ІІБ-на барып, ол жақта бір сағат тұрып, бастығын шақыртып, арызды әрең қабылдаттық. Кіреберістегі қабылдау бөлімінде. Сөйтіп төрт күн ішінде кеше ғана маған «ешқандай қылмыстық құрамы жоқ» деді, материал учаскелік полицейден келеді.
Шағымданғандар шулаған соң, базар басшылығы дүкен иелерімен телефон арқылы сөйлесті. Жиһаз толы қоймасының бар екенін айтқандар, бірақ оны көрсетуден жалтарды.
Полициядағылар дүкен иесін он шақты күн бұрын клиенттердің бірі пышақтап өлтіргенін, сондықтан цехты уақытша жапқанын айтады. Ал «алаяқтарға алдандық» деген жәбірленушілер саны көп болса да, дүкен қожайындарына қатысты іс қозғалмайды деп отыр.
Ерік Көлбаев, Абай АПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары:
— ҚР ҚПК 179-бабында көрсетілген. Екі тараптың арасында жазбаша немесе ауызға келісім болған жағдайда ол сот отырысында қаралуы тиіс. Жарамсыз деп танылғаннан бастап қылмыстық іс қозғалады деп көрсетілген.
Жұрт айлап күткен жиһазын алып, не ақшасын қайтарамын десе, тек сотқа баруы керек. Бірақ тергеушілерге өкпелілер енді прокуротура мен өзіндік қауіпсіздік қызметіне арыз жолдамақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!