«Дер кезінде неге тоқтатпаған». Қарағандыда екі көпқабатты жаңа үй сүрілетін болды
Қарағандыда сот шешімімен екі су жаңа көпқабатты үй сүрілетін болды. Екеуі де құрылысқа қажетті құжатсыз салынғандықтан, мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасы сотқа берген. Алайда үлескерлер заңсыз жүргізілген құрылысты құзырлы органдар неге дер кезінде тоқтатпаған дейді. Әбден болары болғанда далада қалайын деп тұрған жұрттың мәселесі қала билігін аяғынан тік тұрғызды.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
09.01.2024
Он қабатты үйдің құрылысы екі жыл жүрген. Осы уақыт ішінде құрылыс сәулет басқармасы сот арқылы жұмысты тоқтатуға талпынған. Бірақ оған қараған құрылысшы болмапты. Ақыры сот шешімімен бұл үй сүрілуі тиіс болды. Өйткені ешқандай тиісті техникалық және құрылыс сараптамасы жоқ. Үлескерлер бұған бақылау жүргізбеген шенеуніктерді кінәлайды.
Сәуле Әбеуова:
— Бұл үйге жылу, жарық кіргізе бастады. 99 пайыз дайын үй. Содан сот басталғанда құрылыс сәулет басқармасы сүрілмейді деген. 10 миллионға жөндеу жасадым. Емшекте балам бар, кәмелетке толмаған үш балам бар. Мемлекет мұндай бассыздықты жібергізбеуі керек еді. Он қабатты үйден бір күн де пайда болмады.
Көптеген тұрғындар осы үйдегі пәтерлерге жиған-тергенін сарп етіп, жығыла- сүріне әрең жеткен. Әсіресе шиеттей балалары бар жас отбасылар. Бірақ оларды әлі күнге баспана құжаттарын алмағаны алаңдатады.
Мәселен, подьездегі 50 пәтердің кемі 10-да адамдар тұрып жатыр. Тағы бір 10 шақтысына жөндеу жасап қойған. Сот шешімі мен дау-дамайға қарамастан, жөндеу жұмысын тоқтатпағандар да бар. Қиын жағдайда қалған жұрттың күдіктен үміті басым.
Ал баспана салушының салы суға кетіп тұрғаны байқалмайды. Өзінен кінә барын жасырмайды, бірақ сот шешімімен де келіспейді.
Абылайхан Әмірбеков, Т-К Bulding ЖШС директоры:
— Біздің еш құжатымыз жоқ дегенімен келісемін. Бірақ елімізде құжаттарының бәрі түгел көптеген тұрғын үй кешендері бар, бірақ олардың үйі салынбаған. Тұрғындар баспананы жылдап күтеді. Ал біздің жағдай оған қарама-қарсы, үй бар да, құжат жоқ. Қала басшылығымен бірлесіп мәселені реттейміз деп ойлаймын.
Бизнесмен қажетті сараптамаларға тапсырыс беріп қойған. Үй сапасына күмәні жоқ. Ал мына даудан кейін әкімдіктен көмек болса, сот шешімін өзгертетініне сенімді.
Кайрат Қамзин, Қарағанды әкімінің орынбасары:
— Жұмаға дейін осы мәселені шешу жөнінде құқық қорғау органдарымен кеңесеміз. Бірақ қалай болғанда да, үй салушы компания бірінші сот инстанциясының шешімі күшіне енбей тұрып апелляциялық шағым түсіріп үлгеруі қажет.
Осы көшеде орналасқан тағы бір су жаңа үй сот шешімімен сүрілуі тиіс. Онда да үлескерлер қала билігінің көмегіне үміт артып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!