Петропавл жылу электр орталығындағы салынып жатқан мұржа бұзылатын болды
Петропавл жылу электр орталығындағы жаңа салынып жатқан алып мұржа бұзылатын болды. Себебі әу баста қисық қаланған нысан тағы да құлап қалуы мүмкін. Сондықтан жарты жылға созылған сапасыз құрылысты қиратпақшы.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
09.01.2024
Петропавл жылу электр орталығындағы үш алып мұржаның бірі 2022 жылы аяқ астынан қирап қалған. Бетон қабырғалар пеш жағатын цехтың үстіне құлап, үйінді астында бір адам мерт болды. Тіпті қала бірнеше күн жылудан ажыратылып төтенше жағдай жарияланған. Құлаған 180 метрлік мұржаның орнына жаңасын тұрғызу үшін құрылысшылар дереу іске кіріскен. Бірақ асығыс басталған құрылыс ортасына жеткенде қисайып кеткен. Сондықтан оны жартылай бұзып қалпына келтіреміз деп, жұмысты жалғастырған. Алайда сараптама жаңа құрылыс толық жарамсыз деп тапты. Енді қаңтардың 15-інен бастап мұржа бұзылып, сәуір айында қайта бастайды. Ендігі нысан келесі жылу маусымына дейін тапсырыла ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Ал шығынды мердігердің өзі көтереді.
Анатолий Казановский, «Севказэнерго»АҚ бас директоры:
— Барлық нысандар бес жылда бір рет өткізілетін техникалық тексерістен өтуі керек. Бірақ біздің «Севказэнергоны» мерзімі келмесе де, толық тексертетін боламыз. Екі мұржаны 24-25 жылдары кезекке қойдық. Не болса да, алдағы екі жылға шыдаймыз, 100 пайыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!