{metadescription}
«Қазақфильм» автосалонға айналды ма? Азамат Сатыбалды не дейді?
«Қазақфильм» автосалонға айналды ма? Азамат Сатыбалды не дейді?

«Қазақфильм» автосалонға айналды ма? Азамат Сатыбалды не дейді?

«Қазақфильм» автосалонға айналған ба? Шәкен Айманов атындағы киностудияның аумағында соңғы күндері қытайлық көліктер қаптаған. Бүгін актер Қуандық Дүйсенбаев оған наразылық білдіріп қара шаңырақтың проблемасын жайып салды.

Киностудия басшысы Азамат Сатыбалдының өзі әлеуметтік желіде қытай автокөліктерін жарнамалап жүргені баршаға белгілі. «Қазақфильмде» бұл көліктердің аяқ астынан пайда болғаны кездейсоқтық па? Азамат Сатыбалдының өзі не дейді?

Сыртта жіптей тізілген көліктердің тұрысына қарап, бұл жерді автосалонның тұрағы ма дерсіз. Алайда бір түсті, бір маркалы қытай көліктері қаланың қақ ортасындағы «Қазақфильмнің» аумағында қаңтарылып тұр. Оған рұқсат берген киностудия басшысы Азамат Сатыбалдының әрекеті әріптестерінің шымбайына батқандай. Актер Қуандық Дүйсенбаев алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желіде үндеу жасаған. Шәкен Айманов атындағы қара шаңырақтың онсыз да хәлі мүшкіл кезде аумағын оңды-солды пайдалану қисынға келмейді деп күрсінеді.

Қуандық Дүйсенбаев, актер:

Ер жігіт ер жігітті даттамайды, күндемейді. Мен Азамат Сатыбалдының артына түсіп алған азамат емеспін. Өзім осы киностудияда 12 жылдай қызмет етемін. Қазіргі киностудияның жағдайы мүшкіл болып тұр. Оған тікелей басшы кінәлі болады. Павильонның бағасын 250 пайызға көтеріп жіберді. 200 мың теңге болатын. Қазір 750 мың теңге болды. Ал жалға алуда шаршы метрін 100 пайызға көтерді.

Инстаграмында 700 мың оқырманы бар Сатыбалды қытай көліктерін сатып алуға қатысты соңғы уақытта жиі сторис салып, пост жариялап жүр. «Қазақфильмге» үш күн бұрын 100-ге жуық көліктің топ ете қалуы кездейсоқтық па?

Қуандық Дүйсенбаев, актер:

Білдей басшы. Мен елестете алмаймын, мысалы, кезіндегі басшылардан алып көрсек, үлкен басшы автокөлік жарнамалап жүр. Одан да, мысал үшін, киностудияның штаттағы азаматтардың 20-30 пайызын ақысыз демалысқа жіберді.Себебі ақша жоқ дейді. Себеп неде? Киноға қатысы жоқ, өндірісте жұмыс істемеген азаматтарды өзінің командасына алып келді. Қазір вице-президент Назым Есенбековна деген кісі отыр. Кинода бір минут та жұмыс істемеген. Бұл кісінің саясаты, жалпы өсірмеу ғой деймін, киностудияны өшіру.

Түсірілім барысында алдымызды кес-кестелеген, аты-жөнін айтудан бас тартқан бұл азаматтың аузынан самсап тұрған көліктердің «бәрі менікі» деген сөз шықты.

Бәрі сіздің көліктеріңіз бе?

Иә.

«Қазақфильмнің» аумағында, сіздің көлік болса, не үшін тұр?

 – Аренда.

– Сонда «Қазақфильмнің» осы аумағын арендаға алдыңыз ба? Қанша күнге алдыңыз?

Түсірмеңдер, мен айтамын, қазір камерасыз қаласың.

Мәселенің мән-жайын білу үшін Азамат Сатыбалдының өзіне сұрақты төтесінен қойдық. Бос тұрған ғимаратты жалға бергенін растады. Алайда «ол көліктер сатылмайды, таксопаркке тиесілі» деп әңгімені қысқа қайырды. Мұндай қадамға баруына қарамағындағы 178 адамның жалақысын төлеуі түрткі дейді. Расында, киностудияның бюджеті тапшы екенін мойындады.

Азамат Сатыбалды, «Қазақфильм» АҚ президенті:

«Қазақфильмнің» президенті ретінде менің басты міндетім 178 адамның айлығын тауып беру. Жалға берем бе, өзімді сатам ба, жоқ әлде басқа да жұмыс істеймін бе, жалпы менің міндетім. Сондықтан да, мен барынша осындай жұмыстар арқылы, кинодан да басқа жұмыстар арқылы 178 адамның айлығын тауып беруім керек. Бұл кәдімгі таксопарк. Ешқандай да, бұл жерде машина сатылмайды. Бұл автосалон емес.

«Амалсыз жалға бердік» дегенді желеу еткен Азамат Сатыбалды келісімшартқа отырған компаниядан «Қазақфильм» бюджетіне қанша ақша түсетінін жауапсыз қалдырды. «Заңға қайшы ешнәрсе жоқ» деп, әңгімені жылы жапты. Осылайша қаржыдан қысылған Шәкен Айманов атындағы көнекөз киностудия бұл күні жалға берумен жанын бағуға мәжбүр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде