Қырылған аққулар. Rixos экологтардың сөзін жоққа шығарды
Rixos қонақ үйі Маңғыстау облысындағы Қаракөлде аққулардың қырылуына қатысты жауап берді. Қонақ үй басшылығы құстардың өліміне қалдық су әсер етті деген экологтардың сөзін жоққа шығаруда. Олар көлге тек залалсыздандырған су төгеміз деп ақталды. Орнитологтар мен экологтар, санэпидемиологтар жабылып, бір аптадан бері құстардың қырылуына не себеп болғанын анықтай алмай жатқанда, өлген аққу саны 900-ге жуықтады.
Автор: Айман Нұрмағанбет
10.01.2024
Серік Исағалиев, Rixos Water World Aktau қонақ үйінің бас менеджері:
— Біздің өзіміздің КОС системамыз бар. Автономны жұмыс жасаймыз. Отельден шыққан лас суларды бактериялармен өндіріп, фильтарциядан өткізіп, сосын тазарған суды Қаракөлге жібереміз.
Бес жұлдызды қонақ үй Қаракөлге аптасына «бір рет су ағызамыз» деп отыр. Тіпті жазғы уақытта техникалық суды бақша суаруға жіберетін көрінеді. Менеджерлері бір-екі аптада орталық кәріз жүйесіне қосылған соң Қаракөлге ештеңе жіберілмейді деп сендірді.
Бүгінде өлген аққу саны 870-ке жетті. Қаракөлде қазір Алматыдан келген орнитологтар құстардың неден қырылғанын зерттеу үшін сынама алып зерттеп жатыр. Экологтар, қоғам белсенділері аққулардың жаппай қырылуын қонақ үйден шыққан қалдық судан көрсе, ал екіншілері құс тұмауын айтып, карантин жарияламақшы. Бірақ нақты шара қолдану үшін сараптама қорытындысы шықпапты.
Ерболат Қожықов, Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
— Қара түсті сұйықтық ағып жатқан ақпарат бойынша қазіргі таңда экология департаментімен тиісті тексеріс тағайындалып, тексеріс жүргізіліп жатыр. Тексеріс нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!