«Баспана бар, құжат жоқ». Алматыда салымшылар құжатын рәсімдей алмай жүр
Баспана бар, құжат жоқ. Алматыда 200-ге жуық салымшы сатып алған пәтерлерінің құжатын рәсімдей алмай жүр. Баспанасы өзінікі болғанымен, қолында оны растайтын бірде-бір құжат жоқ. Тұрғындардың алды тіпті бұл элиталы үйге 2-3 жыл бұрын көшіп келіпті. Құжат өз алдына, жұрттың сол элиталы дегенге де көңілі толмайды. Ал құрылысқа, сәйкесінше, құжаттарға жауапты мекемелер мәселені бір-біріне сілтеп әлек. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
Автор: Әсем Лесбек
10.01.2024
Түс ауа базынасын айтып жиналғандар элита санатындағы Nef Uptown тұрғын үй кешенінде тұрады. Сатып аларда жарнамасы жер жарған кешенде құрылыс әлі жүріп жатыр. Жауапты компания тұрғындармен тек келісімшарт жасасып, пәтерлерді шетінен пайдалануға берген.
Татьяна Алайк:
— Мен пәтерді 2020 жылы сатып алдым. Құжат бойынша 2022 жылдан бастап пайдалануға берілді. Көшіп келгеніме үш ай болды. Бірақ бірде-бір құжат жоқ. Үйді сатқан мекемеге талай бардық, хабарластық. Жауап жоқ. Енді не істейтінімізді білмеймін, не үй, не ақша жоқ боп қала ма деп қорқамын.
Өз баспанасына өзі иелік ете алмай отырғандар үйдің сапасына да көңілі толмайтынын айтады. Құрылыс компаниясы әдемі суреттерді көрсетіп, соңында ұсқынсыз пәтердің кілтін ұстатқан. Мәселен, лифт іске қосылмаған. Баспалдақтың өзі үрей тудырады. Тұрғындар терезе мен есіктердің шала-шарпы салынғанын да айтады.
Кешеннің жарнамасына қарасаң көзің тояды. Қызылды-жасылды бояумен әрленген видеодан элиталы үйді көресің. Ал өмірде сыртқы келбетінен-ақ пікірің өзгереді. Шашылып жатқан қоқыс пен ашық-шашық жатқан электр сымдарын аттап жүруге тура келеді.
Наира Муштакова:
— Үйді сатып алғанда менің балаларым болмаған еді, қазір 6 айлық екі егізім бар. Мен оларды мұнда әкелуге қорқамын. Баспана тастай суық. Тұруға қауіпті. Амал жоқ, жолдасыммен жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Мына үйдің құжаттарын тезірек алғымыз келеді.
Бақтығали Кәуменов:
— Жарнама бойынша элит-класс, күшті болып тұруы керек еді. Бірақ бізде эконом-класс болып тұр. Көп нәрсе жасалмаған. Тесігі көп. Подъездерді көрсеңіз, көп нәрсе жасалмаған. Әр түрлі құбырлар тұр. «Рамс Қазақстан» үйді салған бас мердігер. Тапсырыс беруші – ТОО Nef Uptown.
Тұрғындар құрылысқа тапсырыс берген мекеме мен оған жауапты компанияның талай табалдырығын тоздырған. Әкімдік пен сотқа дейін шағымданған. Бірақ еш қайыр болмапты. Мердігерден келесі бір мердігерге өткен кешенге қатысты біз де тұшымды жауап ала алмай, компаниялар бір-біріне сілтеумен болды.
Сұлтан Нүсіпжанов, Nef&Ram ЖШС заңгері:
— Біз клиенттерді табамыз. Ал бірақ құрылыс мәселелері «Рамс Қазақстанға» берілген. Ол компаниямен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біз өз тарапымыздан заң жағынан шағым жазып, сотқа дайындалып жатырмыз . Кешен қолданысқа кірген жоқ. Сол жақтан өз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз . Қолданысқа берілмесе де, тұрғындар тұра бере ме? Ол жағынан жауап бере алмаймын.
Ал «жауап береді» деп сілтеген құрылыс компаниясының уәжі мынадай:
«Рамс-Казахстан» ЖШС:
— Біз аталған Nef&Ram мекемесімен келісімшарт бойынша жұмыс істедік. Берілген міндеттеменің бәрін уақытында орындадық. Ал пайдалануға беру актісіне қол қою мен техникалық төлқұжат тапсыру біздің міндетке кірмейді.
Мәселені бір-біріне сілтеген компанияның жауабына ұққанымыз, олқылықты да жақын арада ешкім түзегелі отырған жоқ, құжаттың да ауылы алыс секілді. Сондықтан салы суға кеткен тұрғындар енді прокуратураға шағым түсірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!