Алматы тауында бәйшешек гүлдеді
Қыстың қақ ортасында бәйшешек гүлдеді. Алматыда ерте жайқалған қыр гүлінің бұл түрі «Галантус» деп аталады. Мамандар көктемнің жаршысы саналатын ерекше өсімдіктің қаңтардың алғашқы он күндігінде көктеуіне шаһардағы ауа райының жылы және қолайлы болуы себеп деп отыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
10.01.2024
Еліміздің басым бөлігін қар басып жатқанда Алматы таулары мен шаһар ішінде көктем гүлдері шығуда. Оны фотограф Дмитрий Доценко алғашқы болып байқаған. Өңірде ақпан айының аяғында гүлдейтін бәйшешектің бұл жолы қаңтар аяқталмай тұрып-ақ қылаң бергенін жұртшылық ерекше құбылысқа балап отыр. Алайда мамандар бұған күннің жылы болуын себеп етуде. Өйткені қазір Алматыда ауа температурасы түннің өзінде минус 0 градустан жоғары. Тіпті аяз күшіне қайта мінсе де "Галантус" суық ауа райында үсімей қайта өсіп шығатын қасиеті бар екен. Яғни ақпан мен наурыз айында да тұрғындардың көзайымына айналуына еш кедергі жоқ деп отыр.
Әсем Мамұрова, Қазақ ұлттық университеті, биология және биотехнология факультетінің профессоры:
— Соңғы айларда күн жылуына байланысты бәйшешектің гүлдегені рас. Оны қалыпты жағдай деп те есептеуге болады. Өйткені бәйшешек гүлі ақпан айының ортасынан бастап, сәуір айының соңына дейін гүлдеп, гүл жаратыны ғылыми түрде дәлелденген. Негізі әдеби мәліметтер бойынша бәйшешек өсімдігі 10 градус аязға дейін төзімді өсімдік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!