Солтүстікте қарлы боран. Құтқарушылар 16 ресейлікті құтқарды
Солтүстікте ақтүтек боран басылмай тұр. Қалың қар жауып, секундына 30 метр жылдамдықпен соққан желден адым жер көрінбейді. Жол апатына ұшырағандар мен күртік қарда тұрып қалғандар өте көп. Ақмолалық құтқарушылар бүгін Екатеринбургтен Қарағандыға бет алған 16 ресейлікті құтқарды. Арасында екі бала бар.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
10.01.2024
Ернар Рүстем, СҚО ТЖД бөлім бастығының міндетін атқарушы:
— «Қазгидромет» мәліметтеріне сәйкес, 10-11 қаңтар облыс аумағына циклон әсер етеді. Өзімен бірге қар түрінде жауын-шашын боран мен екпінді жел 28 метр секундына дейін күтіледі. Кей жердлерде 30 метр секундына. Төтенше жағдайлар департаменті алыс сапардан бас тартуды және елдімекендерден жаяу шықпауды сұрайды.
Көрші ел азаматтары мінген көлік жолда бұзылып қалған. Автобус жөнделгенше, құтқарушылар жолаушыларды Макинск қаласындағы жылыту бекетіне орналастырды. Республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың көрінуі нашарлаған соң, кезек -кезек жабылып жатыр.
Екатеринбург-Алматы, Астана-Щучье, Көкшетау-Атбасар бағытындағы жолдар бір тәулікте бірнеше рет жабылды. Қаланың іші де алай-дүлей боран.
Ұлытау облысында да қар борап тұр. Қарға адым жерді көрсетпей тастаған ақтүтек Жезқазған мен Сәтбаев қалалары арасындағы тас жолда көлік апатына себеп болды. Бірден сегіз көлік соқтығысып, бір адам жарақат алды.
Юрий Юршин:
— Құбылып тұрған ауа райы, шынымен ғажап биыл. Біресе қар, біресе жаңбыр жауып тұрады. Бұл қан қысымы жоғары адамдарға қиындық туғызады. Табиғатта жаман ауа райы жоқ дейді ғой. Не істейміз, шыдаймыз. Жолдар жабық . Бұл бәріміздің қауіпсіздігіміз үшін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!