БҚО-да жол апатында бүтін бір отбасы опат болды
Озамын деп, о дүниеге аттанды. Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апаты бес адамның өмірін жалмады. Қаза тапқандардың төртеуі — бір үйдің адамдары. Жалғыз тірі қалған бір жарым жасар сәби қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
10.01.2024
Бүтін бір отбасы опат болған жол апаты күні кеше Жаңақала ауданында болды. Toyota Estima мен Hyundai Santa Fe көлігі бетпе-бет соғысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, салондағы адамдар сыртқа ұшып кеткен көрінеді. Денесі жан-жақта жатыр. Ал жүргізуші рөлге жабысқан күйі қалыпты. Апаттан екі темір тұлпардың жүргізушісі тіл тартпай кеткен. Сондай-ақ, Тойотадағы үш жолаушы — анасы мен екі қызы қайтыс болған. Отбасы көрші ауылдағы жаназаға бармақ болыпты. Періштесі қағып тірі қалған тек бір жарым жасар сәби ғана. Бірақ оның өзі қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер барын салып өмірімен күресуде.
Hyundai-дың дөңгелегі жаздық екен. Ал Тойотаның рөлі оң жақта. Бұл да алдындағы көліктен озып кетемін дегенде қиындық туғызатыны белгілі.
Арман Оразалиев, БҚО ПД бастығы:
— Өткен 10 күннің ішінде облысымызда 11 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 12 адам қаза тапты. Және 21 адам әр түрлі жарақат алып отыр. Бұл өткен жылдың екі айында болған жол-көлік оқиғаларымен теңесіп отыр. Сараптама бойынша 20 жылдың ішінде ондай болмаған жағдай. Біздің облысымызда болмаған. Биыл бірінші рет болып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!